Қостанайда балабақша тәрбиеленушілері жол қауіпсіздігін үйренді
Қостанайда балабақша тәрбиеленушілері жол қауіпсіздігін үйренді, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Республикалық "Жол қозғалысы қауіпсіздігі апталығы" акциясы аясында Қостанай қаласындағы "Sweet Baby" балабақшасында "Көліктен сақ бол!" атты театрландырылған қойылым ұйымдастырылды.

Қойылымды Қостанай облыстық қуыршақ театрының әртістері Қостанай облысы полиция департаментінің әкімшілік полиция басқармасы мен облыстық білім басқармасының қолдауымен сахналады.

Шараның мақсаты – мектепке дейінгі жастағы балалардың жол қозғалысы ережелері туралы түсінігін қалыптастыру және қауіпсіздік дағдыларын ойын түрінде үйрету.
Қуыршақ кейіпкерлері балаларға бағдаршамның түстерін, жол белгілерінің мәнін және көшеде өзін-өзі ұстау мәдениетін қызықты әрі әсерлі түрде түсіндірді. Кішкентай көрермендер қойылымды үлкен ықыласпен тамашалап, кейін интерактивті ойындарға қатысып, өз білімдерін бекіте түсті.

— Балалар спектакльге ерекше қызығушылық танытты. Күлді, сұрақ қойды, кейіпкерлерге көмектесті. Мұндай іс-шаралар мектепке дейінгі жастағы балалардың көшедегі мінез-құлқын қалыптастыруға зор ықпал етеді, өйткені ойын арқылы берілген ақпарат жеңіл қабылданады, — деді "Sweet Baby" балабақшасының меңгерушісі Гүлмекен Саутбаева.
Кішкентай көрермендер де әсерлерімен бөлісті.

— Енді мен білемін, қызыл шам жанғанда жолдан өтуге болмайды және жолдан өтер алдында жан-жағыма қарау керек! — деді балабақша тәрбиеленушісі Богдан.
Полиция қызметкерлері мұндай іс-шаралардың жол-көлік оқиғаларының алдын алуда маңызы зор екенін атап өтті.

— Біздің басты мақсатымыз – балалардың жолдағы қауіп-қатерді ерте жастан түсінуі. Олар бұл қарапайым, бірақ өмірлік маңызды ережелерді неғұрлым ертерек меңгерсе, соғұрлым қоғам қауіпсіз болады, — деп атап өтті Қостанай облысы ПД әкімшілік полиция басқармасының үгіт-насихат тобының аға инспекторы Махаббат Хусаинова.
Қойылым қуанышты көңіл күймен және жылы қошеметпен аяқталды. Ұйымдастырушылар мұндай тәрбиелік бағыттағы іс-шаралар алдағы уақытта облыстың өзге де балабақшаларында өткізілетінін хабарлады.
