Қостанайда балаларға арналған марафон өтті
Қостанайда есірткіге қарсы айлық аясында спортты, шығармашылықты және маңызды әлеуметтік миссияны біріктірген "Балалар денсаулығы" марафоны өтті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Іс-шараны Қостанай қаласы білім бөлімінің "Балалар аула клубы" КММ және Қостанай облысы ПД есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы ұйымдастырды.
Марафонға 20 аула клубынан 150 бала қатысты. Бағдарламада спорттық эстафеталар, квесттер, шығармашылық нөмірлер, ашық ойындар және би флешмобы болды. Сонымен қатар балалар өз денсаулығына саналы көзқарас қалыптастыруға бағытталған профилактикаға да қатысты.
— Біз бос уақытты ұйымдастырып қана қоймай, балалардың санасында нақты түсінік қалыптастыруға тырысамыз: салауатты өмір салты — жарқын және табысты болашақтың негізі, — деп атап өтті "Балалар аула клубы" КММ директоры Гүлнара Едигенова.
Іс-шара музыкалық сергіту сәтінен кейін басталды. Одан кейін қатысушылар кедергілер жолында жарысып, күш, ептілік пен командалық рухты көрсетті.
— Мұндай бастамалар балаларға маңызды құндылықтарды жеткізіп қана қоймай, бірлік, достық және қолдау атмосферасын құруға мүмкіндік береді, — деді есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының аға жедел уәкілі Айгүл Ерадилова.
Марафон Халықаралық нашақорлыққа қарсы күрес күніне орайластырылды. Барлық қатысушы естелік грамоталар, "Есірткіге жол жоқ" логотипі бар бас киімдер мен сыйлықтар алды.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай іс-шаралар — дені сау, мықты және жауапты ұрпақ қалыптастыруға жасалған маңызды қадам.