Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Қостанайда банк менеджері алаяқтық қылмысының алдын алды

Қостанайда банк менеджері алаяқтық қылмысының алдын алды. Облыс тұрғыны алаяқтың құрбаны бола жаздады, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Зейнеткер өз атына үлкен көлемде несие беруді сұрап, банк бөлімшесіне жүгінді. Банк менеджері қарыз сомасын есептеп, банктің 1,5 млн теңге көлемінде несиені мақұлдағанын хабарлады. Зейнеткер әйел телефон арқылы белгісіз адамдарға банктің қанша соманы бергенін айтты. Оны байқаған банк менеджері клиенттен не себепті несие алып жатқанын сұраған кезде зейнеткер қандай да бір ақпаратты беруден бас тартқан.

Содан кейін банк қызметкері бұл туралы қауіпсіздік қызметі пен полицияға хабарлады. Тексеріс барысында зейнеткер ақшаны алаяқтарға жібермек болған. Олар әйелге Ресейде тұратын қызының ауруханада ауыр жағдайда екенін хабарлаған. Ақшаны беру үшін келісілген кездесу барысында полиция қызметкерлері 20 жастағы жалдамалы алаяқты сол жерде ұстады.

Белгілі болғандай, жас жігіт Telegram арқылы жұмыс іздеген. Оған жалақысы күніне 50-ден 100 мың теңге болатын осындай «жеңіл» табыс түрін ұсынған алаяқтар байланысқа шыққан.

– Мұндай стресстік жағдайда бірінші кезекте ақша іздеу керек болды. Мен тіпті қызыма қоңырау шалуды ойламадым, өйткені мен қатты толқып кеттім. Бірақ қызметкерлердің қырағылығының арқасында алаяқтардың арбауына түспедім. Сол үшін маған осы жағдайда көмектескендердің барлығына ризамын, – деп атап өтті зейнеткер.

Қостанай облысының полиция департаменті кезекті рет азаматтарға сақ болуды ескертеді. Алаяқтар жаңа схемаларды ойлап табуда. Сонымен қатар ескі «телефон» әдістерін де қолданып жатыр. Полиция азаматтарды мұқият болуға, алаяқтардың қулықтарына түспеуді сұрайды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру