Қостанайда "Біздің полиция" атты ерекше фотокөрме өтті
Қостанайда "Заң мен тәртіп" қағидаты аясында "Біздің полиция" атты ерекше фотокөрме өтті, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Іс-шара Kostanay Plaza сауда ойын-сауық орталығында ұйымдастырылып, ол жай ғана суреттер жиынтығы емес, күн сайын азаматтардың тыныштығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етіп жүрген жандардың шынайы бейнесін ұсынды.
Көрме қонақтары полиция қызметкерлерінің әсіреленбеген, бірақ адалдығы, ерлігі мен кәсібіне деген беріктігі айқын көрінетін сәттерін тамашалады. Мұнда патрульдік қызметтің күнделікті жұмысы, жедел іс-шаралар барысы, балалармен қарым-қатынас, төтенше жағдайлар салдарын жою көріністері, сондай-ақ кинологтар, криминалистер мен арнайы бөлім қызметкерлерінің еңбегі бейнеленді.
— Біз формадағы адамды ғана емес, оның ар жағындағы тұлғаны көрсеткіміз келді. Полиция — ең алдымен сезімі бар, таңдауы бар, жауапкершілігі бар адам. Бұл қызмет тек заңды білуді ғана емес, жанашырлықты, батылдықты және рух күшін талап етеді, — деді облыстық полиция департаментінің баспасөз хатшысы Карина Базарбаева.
Көрмеге келгендердің ерекше ықыласын жедел қимылдайтын арнайы жасақ, криминалистер мен кинологтар тудырды. Олар шараға өздері қатысып, келушілермен әңгімелесті, арнайы құрал-жабдықтарды таныстырды және қызметтік иттердің дайындығын көрсетті.
— Көп жағдайда біз тек нәтижені көреміз: қылмыскердің ұсталғанын, тексеру жұмыстарының барысын. Ал оның артында қаншама еңбек жатқанын ойлай бермейміз. Бұл көрме сол еңбектің шынайы келбетін көрсетті, — деп бөлісті көрме қонақтарының бірі.
Кішкентай көрермендер үшін арнайы интерактивті аймақ ұйымдастырылды. Балаларға ойыншық патрульдік машиналар тарту етіліп, полиция қызметіне қатысты викториналар мен қызықты ойындар өткізілді.
— Ең қымбаты — балалардың шынайы көзқарасы. Егер бала: "Мен де полицей болғым келеді" десе, демек, біз бәрін дұрыс істеп жүрміз, — дейді Карина Базарбаева.
"Біздің полиция" фотокөрмесі қоғам мен құқық қорғау органдары арасындағы сенімді нығайтуға бағытталған жүйелі жұмыстың бір бөлігіне айналды. Ол полиция — абстрактілі құрылым емес, біздің жанымыздағы адамдар екенін еске салды. Олар алғыс күтпейді, бірақ қоғам олардың еңбегін бағалағанда, шын жүректен қуанады.
— Полиция — халықпен бірге. Бұл жай ғана ұран емес, біздің берік ұстанымымыз. Біз ашықпыз әрі қызмет етуге әрқашан дайынбыз, — деп түйіндеді ұйымдастырушылар.