Қостанайда есірткі құқық бұзушылықтарының алдын алуға бағытталған рейд өтті
Қостанайда есірткі құқық бұзушылықтарының алдын алуға бағытталған рейд өтті, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Қостанай жоғары тұтынушылар одағы колледжінің жатақханасында есірткі қылмыстарының алдын алу мақсатында профилактикалық рейд ұйымдастырылды.
Іс-шара есірткі қылмыстарына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері, кинологиялық қызмет орталығының мамандары және есірткі құқық бұзушылықтарының алдын алу жөніндегі кеңес мүшелерінің бірлесуімен өткізілді. Рейд барысында қызметтік иттер тартылды.
Тексеру кезінде жатақхана бөлмелері тыйым салынған заттарды қолдану белгілерінің бар-жоғын анықтау мақсатында қаралды. Сонымен қатар студенттерге профилактикалық мазмұндағы ақпараттық буклеттер таратылды.
Рейдтен кейін білім алушылар кинологтармен кездесіп, қызметтік иттердің жұмыс ерекшеліктері туралы ақпарат алды. Студенттер кинологиялық қызметтің қыр-сырымен танысып, қызметтік иттермен естелік суретке түсті. Сондай-ақ жастармен есірткі заттарының адам денсаулығына тигізетін зияны, оларды сақтау мен таратқаны үшін көзделген заңдық жауапкершілік жөнінде түсіндіру әңгімесі жүргізілді.
Қостанай облысының полиция қызметкерлері жастар арасында профилактикалық жұмыстарды тұрақты түрде жалғастырып, есірткінің қылмыс қана емес, адам өміріне төнетін аса қауіпті қатер екенін еске салуда.
