Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Қостанайда есірткіге қарсы кеңес психикалық денсаулық орталығының жұмысымен танысты

Қостанайда есірткіге қарсы кеңес психикалық денсаулық орталығының жұмысымен танысты, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Қостанай облыстық психикалық денсаулық орталығына есірткі құқық бұзушылықтарының алдын алу жөніндегі кеңес өкілдері жұмыс сапарымен барды. Сапар барысында қатысушылар 175 төсек-орынға есептелген мәжбүрлеп емдеу орталығының қызметімен жан-жақты танысты.

Аталған мекеме құрамында 35 орындық әйелдер посты бар, есірткіге тәуелділікті емдеуге арналған арнайы бөлім жұмыс істейді. Қазіргі уақытта бұл бөлімде "опиоидты және синтетикалық есірткі заттарын қолдану салдарынан туындаған психикалық және мінез-құлықтық бұзылыстар" диагнозымен төрт науқас ем қабылдап жатыр.

Мәжбүрлеп емдеу орталығының меңгерушісі Евгения Усиктің айтуынша, соңғы жылдары есірткі қолданатын азаматтардың жасы айтарлықтай төмендеген.

- Қазіргі таңда емдеуге келетін науқастардың орташа жасы 20 мен 40 жас аралығында. Бұл — қоғам үшін алаңдататын үрдіс, -  деп атап өтті ол.

Жұмыс сапары аясында кеңес мүшелері ем қабылдап жатқан науқастармен де тілдесті. Солардың бірі — Қостанай қаласының 25 жастағы тұрғыны — өз өмір жолымен бөлісті. Оның айтуынша, бірнеше жыл бұрын ол қатарластары секілді білім алып, еңбек етіп, болашаққа жоспар құрған. Алайда бір отырыстардың бірінде оған есірткі ұсынылып, "бір рет қолданудан тәуелділік болмайды" деген жалған уәж айтылған. Осы қателік оның өмірін күрт өзгерткен.

- Бұл менің өмірімдегі ең үлкен қателігім болды. Тәуелді болып қалдым, бірнеше рет тастауға тырыстым, бірақ өз бетімше жеңе алмадым. Денсаулығым нашарлап, қарызға баттым. Ақыры бар шындықты анама айтып, емделу туралы шешім қабылдадық.

Қазіргі уақытта жас жігіт емдеу курсынан өтіп, болашаққа нақты жоспар құрып отыр.

- Емделіп шыққан соң қалыпты өмірге оралып, жұмыс істеп, отбасын құрғым келеді. Жастарға айтарым: ешқашан есірткіге жоламаңыздар. Бір рет қолдану бүкіл өмірлеріңізді тас-талқан етіп, жақындарыңызға орны толмас қайғы әкелуі мүмкін, - деп ескертті ол.

Есірткі құқық бұзушылықтарының алдын алу жөніндегі кеңес өкілдері мұндай танымдық сапарлар алдағы уақытта да жалғасатынын атап өтті. Болашақта студенттер мен жастар үшін профилактикалық экскурсиялар ұйымдастыру жоспарланып отыр.

- Біздің мақсатымыз - жастардың есірткіге тәуелділік мәселесіне саналы көзқарасын қалыптастыру және оның алдын алу. Осы бағытта орталыққа арнайы таныстыру іс-шараларын өткізуді көздеп отырмыз, - деді Қостанай облысы полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының аға жедел уәкілі Асель Сексенова.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру