Қостанайда есірткіге қарсы жүгіруден марафон өтті
Қостанайда есірткіге қарсы жүгіруден марафон өтті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
8 маусымда Тәуелсіздіктің 25 жылдығы жағалауында марафон ұйымдастырылды. Оны қалалық әкімдіктің дене шынықтыру және спорт бөлімі және Қостанай қаласы полиция басқармасының есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл бөлімі ұйымдастырды. Бұл бастаманы ІІМ зейнеткері, марафоннан Қазақстан чемпионы Құрманай Исергепов қолдады.
Іс-шара жыл сайын 26 маусымда атап өтілетін Халықаралық нашақорлыққа қарсы күрес күні қарсаңында өткізілді. Мұндай есірткіге қарсы қозғалысқа 150-ден астам қатысушы қосылды. Олардың арасында кәсіби спортшылар мен спортты серік еткендер болды. Марафонды ұйымдастырушылардың бірі, есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл бөлімінің аға жедел уәкілі Әсел Сексенова да осы марафонда төзімділікті тексеруге шешім қабылдады.
Өткізілетін акцияның негізгі мақсаты – салауатты өмір салтын насихаттау, жастардың есірткі және синтетикалық есірткілерді тұтынуына теріс көзқарасты қалыптастыру болып табылатынын атап өтті.
Есірткіге қарсы айлықтың басынан бері өңірде 30-ға жуық ауқымды профилактикалық іс-шара ұйымдастырылды.