Қостанайда ІІО ардагері Қаумен Мақаевты еске алуға арналған бильярд турнирі өтті
Қостанай қаласында ішкі істер органдары ардагерлері арасында Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің құрметті ардагері Қаумен Мақаевты еске алуға арналған бильярдтан турнир ұйымдастырылды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Бұл спорттық шара тек жарыс қана емес, сонымен қатар Қостанай полициясының тарихында өшпес із қалдырған тұлғаға деген зор құрметтің көрінісі болды.
Турнир "Шеффилд" бильярд клубында өтіп, облыстың түкпір-түкпірінен келген ардагер полицейлерді біріктірді. Ұйымдастырушылардың айтуынша, шараның басты мақсаты — ішкі істер органдарының ардагерлерін ұлықтау және ұрпақтар сабақтастығын нығайту.
— Қаумен Мақаев — нағыз кәсіби маман, ақылшы әрі жүрегі кең азамат еді. Ол көптеген әріптестеріміз үшін адалдық пен қызметке берілгендіктің үлгісі болды, — деді Қостанай облысы полиция департаменті Ардагерлер кеңесінің төрағасы Сапабек Құлбеков.
Қаумен Мақаевтың жұбайы Бибисара Мақаева да турнирге қатысушыларға ризашылығын білдіріп, естелік сөз сөйледі:
— Біздің отбасымыз үшін Қаумен Шалабаевичті ұмытпай, есімін еске алып жүргендеріңіз — үлкен қуаныш. Ол әрдайым полицияның күші — бірлікте екенін айтатын. Бүгін осында жиналып, оны жылы сөзбен еске алып, достықты жалғастырып отырған баршаңызға алғыс айтамын, — деді ол.
Турнирдің ашылу салтанатында қатысушылар Қаумен Мақаевтың рухына тағзым етіп, бір минут үнсіздікпен еске алды. Жарыс барысында ардагерлер қызмет жылдарындағы естеліктерімен бөлісіп, бірге атқарған кезекшіліктер мен операциялар туралы әңгімелесті.
Бәсеке достық пен сыйластық рухында өтті. Көп жылдық тәжірибе мен сабырлылық бильярд үстелінде де өз әсерін тигізді. Қатысушылар дәлдік пен зейін танытып, шынайы спорттық шеберлік көрсетті.
Нәтижесінде жеңімпаздар мен жүлдегерлер анықталды:
І орын — Ерболат Кішкентаев пен Ермек Котушев;
ІІ орын — Нұрсейт Әбдіров пен Артём Сурайкин;
ІІІ орын — Естай Байқасов, Юрий Шек, Мираш Жұмашев және Константин Костюкевич.
Жеңімпаздарға кубоктар, дипломдар және естелік сыйлықтар табыс етілді. Алайда турнирдің ең басты нәтижесі — ардагерлердің қайта бас қосып, ардақты әріптестерін еске алу мүмкіндігі болды.
Темірдей төзімділігі мен кең жүрегімен ерекшеленген Қаумен Мақаевтың есімі әріптестері мен шәкірттерінің жүрегінде мәңгі сақталады. Ұйымдастырушылар бұл турнирді жыл сайын өткізу дәстүрге айналатынын атап өтті.