Қостанайда көші-қон қызметкерлері студенттермен кездесу өткізді
Қостанайда көші-қон қызметкерлері студенттермен кездесу өткізді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
"Заң мен тәртіп" қағидатын іске асыру аясында Қостанай облысы полиция департаментінің көші-қон қызметі басқармасының қызметкерлері Челябі мемлекеттік университетінің Қостанайдағы филиалының студенттерімен профилактикалық дәріс өткізді.

Кездесудің негізгі мақсаты – жастардың, оның ішінде шетелдік студенттердің құқықтық сауатын арттыру, сондай-ақ Қазақстан Республикасының көші-қон заңнамасының нормалары мен ел аумағында заңды түрде болу тәртібін түсіндіру болды.
Студенттер алдында Қостанай облысы ПД көші-қон қызметі басқармасының бөлім бастығы Ринат Сыздықов сөз сөйледі. Дәріс барысында ол көші-қон заңнамасының негізгі талаптары, шетел азаматтарының елге кіру және болу тәртібі, уақытша тұру мерзімдері, сондай-ақ белгіленген ережелерді бұзғаны үшін көзделген жауапкершілік туралы жан-жақты баяндады.

Өз сөзінде Ринат Сыздыков уақытша тұратын жері бойынша тіркелу мәселесіне ерекше назар аударды. Ол егер студент басқа қала немесе өңірден келіп, Қостанай қаласында 10 күннен астам уақыт тұратын болса, онда ол нақты тұрып жатқан мекенжайы бойынша уақытша тіркелуге міндетті екенін түсіндірді. Бұл талап басқа елді мекендерден келген Қазақстан Республикасының азаматтарына да қолданылады.
Полиция қызметкері уақытылы тіркелу – жай ғана формальды емес, жауапкершілік пен құқықтық салдардың алдын алуға мүмкіндік беретін маңызды шара екенін атап өтті. Тіркеу талаптарын сақтамаған жағдайда айыппұл түріндегі жауапкершілік көзделген.
Сонымен қатар іс-шара барысында шетелдік студенттерге SIM-карталар таратылды. Бұл олардың тұрақты байланыста болуына, қажетті ақпаратты жедел алуына және цифрлық мемлекеттік қызметтерді пайдалануына мүмкіндік береді. Полиция қызметкерлерінің айтуынша, мұндай шаралар шетел азаматтарының бейімделуін жеңілдетіп, олардың қауіпсіздік деңгейін арттырады.
Кездесуге қатысушылардың бірі – Ресей Федерациясының Челябі қаласынан білім алуға келген ЧелМУ заң факультетінің 1-курс студенті Аделина Минниахметова. Ол алынған ақпараттың өзі үшін өте пайдалы болғанын атап өтті.
– Шетелдік студенттер үшін оқып жатқан елдің заң талаптарын білу және түсіну өте маңызды. Бүгін бізге тіркелу, тұру ережелері және жауапкершілік туралы жан-жақты түсіндірілді. Мұндай кездесулер өзімізді сенімді сезінуге және қателіктерге жол бермеуге көмектеседі, – деді Аделина.
Көші-қон қызметі басқармасында мұндай профилактикалық іс-шаралар алдағы уақытта да жалғасын табатынын атап өтті. Олар жастар арасында құқықтық мәдениетті қалыптастыруға, заңдылық пен тәртіп қағидаттарын нығайтуға, сондай-ақ көші-қон саласындағы құқық бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған.
