Қостанайда криминалистер жаңа құзыретке оқытылды
Қостанайда криминалистер жаңа құзыретке оқытылды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Қостанай облысында полиция қызметкерлерінің кәсіби деңгейін арттыру аясында криминалистер адамды қарау бойынша арнайы оқытудан өтті. Бұл тәжірибе алдағы уақытта қылмыстық және әкімшілік істерді жүргізу барысында қолданылады.
Оқыту курстары Қостанай облысы полиция департаменті мен сот сараптамалары институтының ынтымақтастығы аясында ұйымдастырылды. Курс барысында қатысушылар тірі адамды қараудың теориялық және практикалық аспектілерімен танысты, денедегі жарақат белгілерін анықтау тәртібін пысықтады, бірақ бұл іс сот-медициналық сараптаманы алмастырмайтыны атап көрсетілді.
Теориялық сабақтарда анатомия негіздері, процессуалдық нормалар мен куәландыру реттілігі қаралса, практикалық бөлімде криминалистердің алдағы қызметінде қолданатын әдістер мен схемаларға көңіл бөлінді.
Қорытынды бойынша 20 қызметкер оқудан өткендігіне сертификат алды. Қостанай облысы ПД бастығының орынбасары Ерлан Сералин бұл оқытудың процессуалдық әрекеттер сапасын арттыруға және құқықтық қорғанысты қамтамасыз етуге бағытталғанын атап өтті.
Полиция департаменті кәсіби даярлықты арттыру бағытындағы жұмыстарды жалғастыра беретінін хабарлады.
