Қостанайда мас күйінде маршруттық автобус басқарған жүргізуші ұсталды
Қостанайда мас күйінде маршруттық автобус басқарған жүргізуші ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қостанай қаласында 29 жастағы маршруттық автобус жүргізушісі алкогольдік масаң күйде көлік басқарғаны үшін ұсталды. Ол күнделікті жолаушылар тасымалымен айналысатын. Үзіліс кезінде сыра ішкен жүргізушіні сапарға қайта шыққанда патрульдік полиция байқап, тоқтатты. Медициналық куәландыру оның орташа дәрежеде масаң болғанын растады.
Бұған қоса, жүргізушінің міндетті сақтандыру полисі де болмағаны анықталды. Полиция өкілдері автобустың жеке кәсіпкердің атында тіркелгенін және жолға шығар алдында міндетті техникалық тексерістен өтуі тиіс екенін хабарлады.
Daimler Benz көлігі арнайы айыптұраққа қойылды. Жүргізушіге екі әкімшілік жаза қолданылуы мүмкін: ол 15 тәулікке қамауға алынып, 7 жылға жүргізуші куәлігінен айырылады. Сонымен қатар сақтандыру полисінің болмағаны үшін шамамен 40 мың теңге айыппұл төлеуге міндеттеледі. Автобусты сақтандырусыз жолға шығаруға рұқсат берген механик те жауапкершілікке тартылады.
Бұл оқиғадан бөлек, Қостанайда тағы бір маршруттық автобус жүргізушісі ұсталды. Ол алдыңғы әйнегі сынған автобусты жүргізген. Бұл оның бір жыл ішінде қайталап жасаған заң бұзушылығы болып шықты. Оның көлігі де айыптұраққа қойылды. Жүргізуші мен автобусты жолға шығаруға рұқсат берген механикке әкімшілік шаралар қолданылатын болады.
Полиция қызметкерлері елімізде «Тасымалдаушы» жедел-профилактикалық іс-шарасы өтіп жатқанын еске салады. Оның алғашқы күні Қостанай облысында такси және шағын автобус жүргізушілерінің жол қозғалысы ережесін бұзған 74 дерегі тіркелді. Сондай-ақ заңсыз тасымалмен айналысқан 8 жүргізуші мен жолаушыларға такси қызметін рұқсатсыз ұсынған 10 азамат анықталды.
Азаматтардың қауіпсіздігі үшін жолаушылар тасымалы саласындағы бақылау жұмыстары жалғасады.