Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Қостанайда мектептер мен колледждерде терроризмнің алдын алу бойынша оқыту сабақтары басталды

Қостанайда "Заң мен тәртіп" қағидатын жүзеге асыру аясында облыстық полиция департаментінің экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасы мектептер мен колледждерде қауіпсіздік сабақтарын қайта бастады, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Іс-шараның басты мақсаты – жастардың құқықтық мәдениетін қалыптастыру, терроризм қаупі туындаған жағдайда дұрыс әрекет ету дағдыларын дамыту және олардың хабардарлығын арттыру.

– Қазіргі кезде әрбір азамат террорлық қауіп төнген жағдайда өзін қалай ұстау керектігін білуі қажет. Біз оқушыларға қауіпті жағдайды анықтау тәсілдерінен бастап, эвакуация кезінде немесе күдікті зат табылғанда қандай іс-қимылдар жасау керектігіне дейінгі негізгі алгоритмдерді үйретеміз, – деді полиция қызметкері Амангелді Бапинов.

Сабақ барысында құқық қорғаушылар жасөспірімдерге тек практикалық дағдыларды меңгертіп қана қоймай, құқықтық нормаларды да түсіндіреді. Әсіресе терроризм актісі туралы жалған хабарлама таратудың қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғатынына ерекше назар аударылады.

– Біз мұндай "әзілдердің" салдары өте ауыр болатынын түсіндіреміз. Көрінеу жалған хабарлама беру – заң алдында қатаң жазаланатын әрекет, – деп толықтырды басқарма өкілі.

Сонымен қатар оқу орындарының әкімшілігі мен білім беру органдарына нысандардың инженерлік-техникалық тұрғыда нығайтылуының маңызы түсіндіріліп, қауіпсіздік талаптарын сақтау қажеттігі ескертілді.

Полиция департаменті мектеп пен колледж қызметкерлеріне кәмелетке толмағандар жасаған немесе оларға қатысты жасалған құқықбұзушылық фактілерін жасырып қалудың да заң алдында жауапкершілікке әкеп соғатынын еске салды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру