Қостанайда милиция генерал-майоры Самат Бәкіровтың 100 жылдығына арналған іс-шара өтті
Қостанай облысы полиция департаментінде ерекше тағылымға толы іс-шара өтті. Мұнда милиция генерал-майоры Самат Бәкіровтың 100 жылдығына арналған еске алу жиыны ұйымдастырылды. Оған ардагерлер, қызметтегі полицейлер, туған-туыстары мен әріптестері қатысты, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Бұл күн – тек мерейтойды атап өту ғана емес, ел тарихында өшпес із қалдырған тұлғаның өмірі мен ерлігін еске алу сәті болды.
Генерал Самат Бәкіров – Отанға адал қызмет етудің айқын үлгісі. Оның өмір жолы – майдан даласындағы ерлік пен ішкі істер саласындағы табанды еңбекке толы тағылым. 2-ші Украин майданындағы шайқастардан бастап, жарты ғасырға жуық уақыт ішкі істер органдарын басқарған жылдары – оның қайсарлығы мен кәсібилігін айқындайды.
– Самат Смағұлұлы – аңыз адам. Оның өмірі адал еңбек пен адамдарға қамқорлыққа арналды. Ол ішкі істер органдарының дамуына зор үлес қосты. Бүгін біз тек еске алып қана қоймай, шынайы алғысымызды білдіріп отырмыз, – деді Қостанай облысы ПД бастығы Ерлан Файзуллин өз сөзінде.
Іс-шара аясында генералдың 100 жылдығына арналған мерейтойлық медальдар табысталды. Олардың қатарында туыстары, ардагерлер мен қызметтес әріптестері бар. Бұл марапаттар – ұрпақтар сабақтастығының және адал қызметке деген құрметтің символы.
Самат Бәкіров 1990 жылға дейін Қостанай облыстық ІІБ-ны басқарды. Оның жетекшілігімен жаңа басқарма ғимараты, госпиталь, "Динамо" спорт кешені және қызметкерлерге арналған тұрғын үйлер салынды. Бұл тек инфрақұрылымдық жетістік емес, кәсіби әрі ұйымшыл ұжымның қалыптасуына да ықпал етті.
Генералдың әдебиет саласында да өзіндік қолтаңбасы бар. Ол жазған "Түнгі оқиға", "Мираж", "Лабиринт" сынды детективтік шығармалары ішкі істер қызметкерлерінің өмірін көркем бейнеледі. Ал "Мираж" повесінен түскен қаламақыны балалар үйіне аударуы – оның адамгершілік болмысының дәлелі.
Іс-шарада генералдың рухына тағзым етіп, бір минут үнсіздік жарияланды. Әріптестері оның қаталдығы мен әділдігін, шәкірттері әкелік қамқорлығын еске алды.
Самат Бәкіровтың есімі тек жүректерде ғана емес, істерде де мәңгі қалды. Оның аты Павлодардағы бір көшеге берілген, ІІМ ғимараттарына ескерткіш тақталар орнатылған, туған жерінде ескерткіш қойылған. Сондай-ақ генералдың есімімен аталған лагерьде балалар жыл сайын демалады.
Генералдың балалары мен немерелері бүгінде ІІМ, ҰҚК және прокуратура жүйесінде қызмет етіп жүр. Бұл – әулеттің ғана емес, елге адал қызмет етудің, намыс пен жауапкершіліктің ұрпаққа жалғасқан айқын көрінісі.
– Генерал Бәкіров – ұмытылмас тұлға. Оның адалдығы мен қарапайымдылығы мыңдаған адамның тағдырына із қалдырды, – деп атап өтті Ардагерлер кеңесінің төрағасы Сапабек Құлбеков.