Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Қостанайда нашақорлықпен күрестің жаңа жолдары ұсынылды

Қостанайда нашақорлықпен күрестің жаңа жолдары ұсынылды, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Қостанайда есірткіге қарсы қызметті үйлестіру жөніндегі өңірлік ведомствоаралық штабтың отырысы өтті. Облыс әкімі аппаратының басшысы Мұрат Сандыбаев төрағалық еткен жиында жастар арасындағы нашақорлықтың алдын алу мәселелері жан-жақты талқыланды.

Құқық қорғау органдары, білім беру саласы, жастар ұйымдары мен БАҚ өкілдері жазғы кезеңде жасөспірімдердің бос уақытын тиімді өткізу, профилактикалық шаралар мен өзара әрекеттестікті күшейту жолдарын қарастырды.

ІІМ өкілі Сергей Ильиныхтың айтуынша, биыл ел бойынша 3 300-ден астам есірткі құқық бұзушылығы тіркеліп, 3,3 тонна есірткі тәркіленген. Ал Қостанай облысында бұл көрсеткіш 24%-ға өскен. 46 келіден астам есірткі айналымнан алынып, 8 фитозертхана жойылған.

Биыл 85 мыңнан астам оқушы мен 43 мың ата-ана қамтылған 5 600-ден астам профилактикалық іс-шара ұйымдастырылған. Жастарға арналған дәрістер, дебаттар, флешмобтар мен наркологтармен кездесулер тұрақты өтуде.

Жаңа форматтар қатарында:

"Еркін микрофон" жобасы – саябақтарда жастарға өнерін көрсетуге мүмкіндік беретін алаңдар ашу;

"Әр үйге тест" – ата-аналарға жедел тесттер тарату арқылы есірткіні ерте анықтау;

Әлеуметтік жарнама – сауда орындары мен кинотеатрларда бейнероликтер көрсету, баннерлер ілу;

Блогерлер мен жұлдыздарды тарту – жастарға үлгі болатын тұлғалардың қатысуымен түсіндіру жұмыстары;

"Жасыл сертификат" жобасы – еріктілердің дәріханалардағы бақылау шаралары.

26 маусым – Нашақорлыққа қарсы күрес күніне орай Қостанайда үлкен шара өтеді. Онда арнайы жасақтың көрсетілімі, спорттық және би шеберлік сабақтары, флешмобтар мен конкурстар ұйымдастырылады. Сондай-ақ, "Темекіні – шоколадқа айырбастау" акциясы мен үздік бейнеролик авторларын марапаттау жоспарланған.

Мамандар нашақорлықпен күрес тек полиция мен медицина саласының емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті екенін атап өтті.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру