Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Қостанайда нашақорлықтың алдын алуға бағытталған “Көңілді старт” ойындары өтті

Қостанайда Генерал Бәкіров атындағы демалыс базасында “Көңілді старт” ойындары өтті, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Демалып жүрген балаларға арналған бұл спорттық жарыстарды “Қостанайдың жас көшбасшылары” ҮЕҰ және Қостанай ПД ЕҚҚІҚБ қызметкерлері ұйымдастырды. Рудный балалар үйінің тәрбиеленушілері жазғы демалыстарын Генерал Бәкіров атындағы лагерьде өткізеді. Балалардың әр күні ерекше. Мәселен кеше таланттар байқауын ұйымдастырса, бүгін олар жарыстар өткізіп жатыр. Спорттық іс-шара нашақорлықтың алдын алуға бағытталған.

Рудный балалар үйінің тәрбиеленушілері мен іс-шараны ұйымдастырушылар кездесуді “Біз салауатты өмір салтын қолдаймыз” деген ұранмен бастады.   

“Алтын гүл” балалар сауықтыру демалыс лагері облыс орталығынан 50 шақырым жерде Алтынсарин ауданының аумағындағы орманда орналасқан. Мұнда ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар мен Рудный балалар үйінің жетім балалары жыл сайын жаз мезгілінде демалады. Қазіргі уақытта мұнда 170 бала бар.

Сондай-ақ жазғы кезеңде лагерьде тәрбиешілер, тәлімгерлер және ювеналды полиция қызметкерлері жұмыс істейді. Барлық қызметкерлер әртүрлі аурулары бар балаларға демалуды пайдалы және қызықты ету үшін барлық эмоционалды және физикалық қолдау көрсетеді.  

Лагерьде спорт пен ойын-сауық ойындарына қызығушылық танытқандар көп болды, сол себепті қатысуға ниет білдіргендер де жеткілікті болды. 

“Көңілді старт” спорттық сайысының бағдарламасы ойын түрінде өткен 7 сынақты қамтыды. Іс-шараның негізгі мақсаты балалар үйінің тәрбиеленушілерін дене шынықтыру және спорт сабақтарына тарту, салауатты өмір салты қағидаттарын қалыптастыру және нашақорлықтың алдын алу.

Қатысушылар 6 адамнан тұратын төрт командаға бөлінді. Алдымен балаларға өз командасының шығармашылық атауы мен ұранын ойлап табу ұсынылды. Кеңескеннен кейін қатысушылар өз командасының атауын айтты.  

Балалар баскетбол доптары, секіртпе, құрсаулар және басқа да спорттық керек-жарақтар арқылы тапсырмаларды орындады. Ал үздіктерді қазылар алқасы анықтады.  

– Спортпен шұғылдану – есірткі әлеміне еліктеудің алдын алады. Спорттық өмірге тартылған жастар есірткі қылмысынан алыстайды, – деп есептейді ҮЕҰ басшысы Гүлсім Бисімбаева. 

Жарыс басталар алдында Қостанай облысы ПД ЕҚҚІҚБ аға жедел уәкілі Айгүл Ерадилова балаларға полицейлер әр жазғы лагерьде “Көңілді старт” өткізетінін, салауатты өмір салтын насихаттау – дене шынықтыру және спортпен шұғылдану екенін айтты. Ұйымдастырушылар есірткінің зияны туралы әңгімелесті. 

– Балалардың денсаулығы ең алдымен еліміздің салауатты болашағы. Өйткені біздің мемлекетімізде ғылым, экономика, бизнес болашақта қалай дамитыны сізге байланысты, – дейді акцияны ұйымдастырушылардың бірі ПД есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкері Айгүл Ерадилова.  

Іс-шараға барлық 170 демалушы балалар мен отрядтардың кеңесшілері қатысып, ешкім шет қалмады. Кейбіреулері қатысушылар қатарынан көрінсе, басқалары жанкүйер болды. Қызықты эстафетадан кейін қатысушылар көп әсер алды. 

– Командалар шамамен тең болды және соңына дейін тартысқа толы ойын өрнегін көрсетті. Осындай демалыстан кейін балалардың жағымды эмоциялары бүкіл оқу жылына қалады деп ойлаймын. Көп ұзамай жазғы ауысым аяқталып, оқушылар қайтадан мектепке барады, ал жаз келгенде олар лагерьге оралады. Біздің достарымыз – полицейлер мен ҮЕҰ қызметкерлерін тағы да күтеміз, – деді Генерал Бәкіров атындағы демалыс базасының директоры Зинаида Уақбаева.

Ұйымдастырушылар балаларға медальдар мен грамоталар табыстады.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру