Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Қостанайда патрульдік полицейлер балаларға арналған танымдық экскурсия ұйымдастырды

Қостанайда патрульдік полицейлер балаларға арналған танымдық экскурсия ұйымдастырды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығын мерекелеу қарсаңында және полицияның сервистік моделін жүзеге асыру шеңберінде ерекше білім берілуіне қажеттілігі бар балаларға арналған балабақша-мектеп-интернатының тәрбиеленушілеріне экскурсия ұйымдастырылды. Балалар Қостанай қаласының Полиция басқармасының патрульдік полиция батальонына барды.

Полицейлер оқушыларды патрульдік полиция батальоны қызметінің негізгі бағыттарымен, кезекші бөлімнің жұмысымен таныстырды, қылмыс фактісі туралы хабарлау немесе көмек шақыру кезіндегі кезекшінің іс-әрекеті туралы айтып берді. Сондай-ақ полиция қызметкерлерінің жұмыста қолданылатын арнайы құралдары көрсетілді.

Қостанай қалалық ПБ бастығының орынбасары Бекзат Мұрат іс-шараның жас қатысушыларына полиция жұмысының бүгінгі жай-күйі, мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша іске асырылып жатқан пилоттық жобалар туралы айтып берді.

– Президент Қазақстан халқына Жолдауында полицияның сервистік моделін енгізуді, халықпен өзара іс-қимыл бойынша жұмысты жақсартуды тапсырды. Сервистік модельді сипаттауға болатын негізгі қағида – «Полиция-бұл халық, ал халық бұл – полиция». Полицияның сервистік моделі көмек көрсетуге және халықпен сенімді қарым-қатынас орнатуға дайын болуға негізделген. Ел Президенті өз Жолдауында «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру және азаматтардың барлық сұраныстарына тиімді әрекет ету міндетін қойды. Яғни, біз халық үшін барынша ашық болуымыз керек. Сервистік модельді енгізу аясында біз осындай экскурсияларды өткіземіз, – деп атап өтті патрульдік полиция батальоны командирінің орынбасары Дидар Бейсенов.

Балалар үшін экскурсияның ең қызықты сәті полиция қызметкерлерінің оқ өтпейтін кеудешелері мен каскаларын, қорғаныс шлемдерін киіп көру болды. Сондай-ақ оларды арнайы техника көрмесі де ерекше таң қалдырды. Оқушылар патрульдік машинаның рөліне отыру мүмкіндігіне ие болды.

Балаларға арналған экскурсия одан әрі облыстық тарихи-өлкетану мұражайында жалғасты. Мұражай қызметкерлері оқушыларға облыстың әр түрлі даму кезеңдеріндегі туған өлке тарихын баяндап берді. Сондай-ақ олар жергілікті фауна мен флора, ата-бабалардың ұлттық тұрмысы, археология және басқа да көптеген экспонаттары бар залдарды тамашалады.

– Бүгін біз патрульдік полиция пунктіне және облыстық өлкетану мұражайына бардық. Мұндай мүмкіндікті Қостанай қаласының Полиция басқармасының қызметкерлері ұсынды. Біз көптеген қызықты заттарды көріп, білдік. Патрульдік көлікте отырып, дауыс зорайтқышпен сөйлесіп көрдік, одан кейін өлкетану мұражайына барып, «өткенге саяхат» жасадық. Осы уақыт ішінде біздің автобусты полиция қызметкерлері сүйемелдеп, ілесіп жүрді. Барлығы да өте ұнады, біздің қызықты уақыт өткізуімізге себепші болған ұйымдастырушыларға үлкен рахмет, – деп 9-сынып оқушысы Виктория Титова өз әсерімен бөлісті.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру