Қостанайда ПБ бастығы халықпен кездесті
Қостанай қаласы полиция басқармасының бастығы Болат Иманов Лермонтов көшесінде орналасқан үйлердің тұрғындарымен кездесу өткізді. Іс-шара ашық диалог форматында өтіп, оған 47 қала тұрғыны қатысты, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Кездесу барысында қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету, құқық бұзушылықтардың алдын алу, учаскелік инспекторлармен өзара іс-қимыл және аула аумақтарының қауіпсіздігіне қатысты өзекті мәселелер талқыланды. Тұрғындар өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, полиция басшылығынан тікелей жауап алу мүмкіндігіне ие болды.
Болат Иманов алаяқтық, үй жануарларын ұстау және күтіп-баптау секілді түрлі мәселелер бойынша азаматтардың өтініштеріне жауап берді.
Мысалы, облыс орталығының тұрғыны Анастасия Костюк 2022 жылы OLX платформасы арқылы ит сатып алып, ақшасын төлегенін, бірақ жануарды сол күйі көрмегенін айтты. Ол осы оқиға бойынша полицияға берген арызының қазіргі жағдайын сұрады.
Болат Иманов толық жауап берді.
– Сіздің өтінішіңіз тіркеліп, материал өндірісте. Мұндай интернет-алаяқтық істерін тергеу біраз уақытты талап етеді, әсіресе алаяқтар басқа өңірлерден әрекет еткен кезде немесе жеке басын жасыруға тырысқан жағдайда. Біз сіздің шағымыңызды назардан тыс қалдырмаймыз. Бұл іс бақылауда тұр. Тексеру аяқталған соң, сіз міндетті түрде ресми жауап аласыз, – деді ол.
Тағы бір тұрғын, Бибігүл Дәуренбекова аулаға балалар алаңын орнатуды сұрады. Болат Иманов бұл мәселенің ішкі істер органдарының құзыретіне жатпайтынын атап өтті.
– Біз балалар үшін қауіпсіз және жайлы орта құрудың маңыздылығын түсінеміз. Мұндай өтініштер назар аударуға тұрарлық. Сіздің өтінішіңіз қала әкімдігіне жолданады. Себебі аула аумақтарын абаттандыру – олардың құзырындағы мәселе, – деді ол.
Қала тұрғыны Ботагөз Қарасартова көп мысық асырайтын көршілеріне шағымданды. Оның айтуынша, жағымсыз иіс пен антисанитариялық жағдай басқа тұрғындарға қолайсыздық туғызуда.
– Көпқабатты үйлерде жануарларды ұстауға байланысты туындайтын иіс пен санитарлық жағдайлар тұрғындар үшін шынымен де қиындық тудырады. Мұндай жағдайда санитарлық нормалардың бұзылғанын тіркеу қажет. Біз сіздерге санитарлық-эпидемиологиялық қызметке және пәтер иелері кооперативіне ұжымдық арыз беруді ұсынамыз. Олар жануарларды ұстау жағдайын тексере алады. Ал полиция, өз кезегінде, қоғамдық тәртіп бұзылған жағдайда, заң аясында шара қабылдауға дайын. Жалпы, біздің міндетіміз – халыққа жақын болу және оларды тыңдау. Мұндай кездесулер нақты мәселелерге жедел әрекет етуге және сенімді нығайтуға мүмкіндік береді, – деп жауап берді спикер
Қостанай қаласының олиция басқармасы қауіпсіздік пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету мақсатында осындай іс-шараларды қаланың түрлі аудандарында өткізуді жалғастырады.