Қостанайда полицейлер "Халық заңгері" акциясына қатысты
Қостанайда полицейлер "Халық заңгері" акциясына қатысты, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қостанайда халықтың құқықтық сауатын арттыру және азаматтарға тегін заңгерлік көмек көрсету мақсатында республикалық "Халық заңгері" акциясы өтті.
Іс-шараға мемлекеттік органдардың өкілдері, заңгерлер, адвокаттар мен жеке сот орындаушылары қатысты. Акцияға Қостанай облысы полиция департаментінің қызметкерлері де белсене атсалысып, азаматтарға ішкі істер органдарының қызметіне қатысты сұрақтар бойынша жауап берді.
Азаматтарды қабылдауды департамент бастығының орынбасары Ерлан Сералин жүргізді. Қабылдау барысында тұрғындар өздерін толғандырған мәселелер бойынша кеңес алып, кейбір сұрақтар сол жерде шешімін тапты.
Ерлан Сералин мұндай шаралардың халық пен мемлекеттік органдар арасындағы сенімді нығайтып, қоғамда құқықтық мәдениетті қалыптастыруға септігін тигізетінін атап өтті.
Азаматтармен ашық диалог орнату – біз үшін маңызды міндет. Әрбір тұрғын полиция тарапынан қолдау мен қамқорлықты сезінуі тиіс, – деді ол.
Айта кету керек, азаматтарды қабылдау полиция департаментінде тұрақты түрде және азаматтардың өтініші бойынша өткізіледі.
"Халық заңгері" акциясы Қостанай облысы полицейлерінің қоғаммен ашық өзара іс-қимыл жасауға және азаматтардың құқықтық санасын арттыруға бағытталған жүйелі жұмысының бір көрінісі болды.
