Қостанайда полицейлер мен еріктілер есірткі жарнамасына қарсы күресте бірікті
Қостанайда полицейлер мен еріктілер есірткі жарнамасына қарсы күрес жүргізді, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Қостанай қаласының көшелерінде сайт сілтемелері түрінде жасырылған жазулар жиі кездесіп жүр. Көпшілік үшін бұл – жай ғана граффити болып көрінуі мүмкін. Алайда оның астарында әлдеқайда қауіпті жайт — есірткі заттарының заңсыз жарнамасы жатыр.
Осыған байланысты кезекті профилактикалық шараны Қостанай облыстық полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы, есірткі құқық бұзушылықтарының алдын алу жөніндегі кеңес мүшелері, "Amanat" партиясының жастар қанаты – "Жастар Рухы" еріктілері және "Esbol Qory қоғамдық бірлестігі бірлесе ұйымдастырды.
Басқарманың аға жедел уәкілі Айгүл Ераділованың айтуынша, мұндай жазулар ұсақ бұзақылық емес, заңмен жазаланатын қылмыс.
- Есірткі және психотроптық заттарды, олардың аналогтары мен прекурсорларын үгіттеу немесе заңсыз жарнамалау үшін үш жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған, – дейді ол.
Қазіргі таңда өңірде осы сипаттағы 12 қылмыстық іс тергеліп жатыр.
Акция аясында қатысушылар Қостанайдағы 7-ықшамаудан аумағындағы көпқабатты үйлердің қабырғаларында анықталған ондаған жазуды бояп, өшірді. Ең алаңдатарлығы – мұндай жарнамалардың кейбірі мектептер мен балабақшалар маңында табылған.
Бұл шараға жуырда алдын алу кеңесінің құрамына енген белгілі шоумен, "Жастар Рухы" жастар қанаты кеңесінің мүшесі Байболат Сегізбаев та белсене қатысты.
- Мұндай жазуларды жоюмен қатар, бұл мәселені ашық айту өте маңызды. Жастар жарнама артындағы қылмыс пен қайғыны көбіне аңғармайды. Сондықтан біз бұл тақырыпты қозғайтын жаңа, креативті тәсілдер мен интерактивті форматтарды қолданамыз. Мәселе асқынбай тұрып, алдын алу – басты мақсатымыз, – деді ол.
Ұйымдастырушылардың мәліметінше, бұл — биылғы алтыншы акция. Алда есірткі насихатына қарсы жаңа алдын алу тетіктері әзірленіп, азаматтық белсенділерді кеңінен тарту көзделіп отыр.
Полиция қызметкерлері мен қоғам белсенділері тұрғындарды немқұрайлы болмауға шақырады.
Күдікті жазуларды байқасаңыз – бейжай қалмаңыз. Бұл туралы полицияға немесе учаскелік инспекторға дереу хабар беріңіз. Себебі бір ғана хабарлама – бір адамның өмірін құтқарып қалуы мүмкін.