Қостанайда полицейлер мото-флешмоб ұйымдастырды
Қостанайда полицейлер мото-флешмоб ұйымдастырды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Дәл осы іс-шарамен «Жолда қабылдау» республикалық акциясы басталды. Оған 30-ға жуық мото әуесқойлары қатысты. Жаздың жайма шуақ күндерінің келуімен екі дөңгелекті көлікпен жүретіндердің саны көбейді.
Осы орайда өзіңіздің және басқалардың қауіпсіздігі туралы ұмытпаған жөн. Мотоциклмен және өзге де екі дөңгелекті көлікпен жүргенде қорғаныс құралдарын кию маңызды. Сізді үйде жақындарыңыз күтетінін ұмытпаңыз.
– Барлық мотоцикл жүргізушілерін жол ережесін сақтауға шақырамын, – деді флэшмобқа қатысушылардың бірі Александр Нам.
Бүгінде өңірде 3 мың 200 бірлік мототехника бар. Қостанай облысы ПД жергілікті полиция қызметі басқармасының аға инспекторы Елена Магасумова іс-шараның барлық қатысушыларына мотоциклдерді тіркеу тәртібі және мотоциклдермен қауіпсіз жүру ережелері туралы тағы да еске салды.
Айта кету керек, жыл басынан бері өңірде мотокөліктердің қатысуымен 5 ЖКО орын алған. Салдарынан 1 адам қаза тауып, 4 адам түрлі жарақат алды.
Полиция барлық мотоцикл жүргізушілерін жолдарда мұқият болуға, жол ережелерін қатаң сақтауға және түнгі уақытта азаматтардың тыныштығы бұзбауға шақырады.