Қостанайда полицейлер оқушыларға жол қауіпсіздігін еске салды
Қостанайда полицейлер оқушыларға жол қауіпсіздігін еске салды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қысқы демалыс кезінде Қостанай облысы полиция департаментінің қызметкерлері Қостанайдағы мектеп оқушыларына мерекедегі қауіпсіздік бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Шараның негізгі мақсаты — мектеп оқушыларына каникул кезінде жолда қауіпсіз жүріп-тұру ережелерін еске салу. Қысқы демалыс кезінде балалардың бос уақыты көбейеді. Олар түрлі ойын-сауық орындарына барып, қала ішінде өз бетінше жүреді. Осыған байланысты жол қозғалысы ережелерін сақтау мен жеке қауіпсіздік мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Профилактикалық іс-шараға Қостанай облысы полиция департаментінің патрульдік полиция ротасының взвод командирі Ринат Мұхамеджанов қатысты. Ол оқушыларға Жол қозғалысы ережелерінің негізгі талаптарын түсіндіріп, жаяу жүргіншілердің тәртібі мен әрбір азаматтың өз қауіпсіздігіне жауапкершілікпен қарауының маңыздылығын атап өтті.
Сонымен қатар Қостанай облысы полиция департаментінің үгіт-насихат тобының аға инспекторы Махаббат Хусаинова оқушыларға жолдың жүру бөлігін дұрыс кесіп өту қағидалары, жаяу жүргіншілер өткелдерін пайдалану қажеттілігі, жол маңындағы сақтық шаралары, сондай-ақ қараңғы уақытта жарық қайтаратын элементтерді тағудың маңызы туралы айтып берді.
Полицейлер кәмелетке толмағандардың қатысуымен болған жол-көлік оқиғаларының нақты мысалдарын келтіріп, жолдағы қауіпті жағдайлардың алдын алу жолдарын түсіндірді. Оқушылар әңгімеге белсенді қатысып, сұрақтар қойып, жан-жақты жауап алды.
Мұндай профилактикалық іс-шаралар балалардың қауіпсіз мінез-құлық мәдениетін қалыптастыруға және жол-көлік жарақаттануын азайтуға бағытталған.
Қостанай облысы полиция департаменті алдағы уақытта да білім беру ұйымдарында түсіндіру жұмыстарын жалғастырып, мектеп демалысы кезеңінде балалардың қауіпсіздігіне ерекше көңіл бөлетін болады.
