Қостанайда полицейлер жастарға қауіпсіздік сабақтарын өткізіп жатыр
Қостанайда полицейлер жастарға қауіпсіздік сабақтарын өткізіп жатыр, деп хабарлайды Polisia.kz.
Қостанай облысында жастар арасында есірткі құқық бұзушылықтарының алдын алу бағытындағы жүйелі жұмыс жалғасуда. "Заң мен тәртіп" қағидаты аясында есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері Қостанай жоғары автомобиль көлігі колледжінің студенттерімен кездесті.
Кездесу барысында полицейлер студенттерге есірткіні қолдану мен таратудың салдары туралы түсінікті тілде айтып, жеке жауапкершілік пен саналы таңдау жасаудың маңызына тоқталды.
— Жасөспірімдердің есірткінің заңсыз айналымына тартылуы ерекше алаңдаушылық тудырады. Жыл басынан бері төрт кәмелетке толмаған жас ұсталды. Бүгінде олардың барлығы қылмыстық істер бойынша жауапқа тартылып отыр. Әрбір осындай деректің артында — тағдырлар мен жоғалған мүмкіндіктер бар, — деді жедел уәкіл Асем Ерденова.
Қылмыстық жауапкершілікке 224 адам тартылды. 110-ы — есірткі қылмыстары, 114-і — есірткіге қатысты теріс қылықтары үшін.
30 контрабанда дерегі анықталып, каннабис тобына жататын 600 грамнан астам есірткі заты тәркіленді.
Есірткіні заңсыз жарнамалау бойынша 28 дерек тіркелді. Сенім телефонына түскен барлық хабарламалар тексеріліп, заңсыз жазбалар жойылды.
Жыл басынан бері мектеп оқушылары мен студенттерге арналған есірткіге қарсы 113 іс-шара өткізілді. Оған 50 мыңнан астам жасөспірім қатысты.
Полиция департаменті жанынан спортшылардың, блогерлердің, педагогтар мен дәрігерлердің қатысуымен есірткі құқық бұзушылықтарының алдын алу жөніндегі кеңес құрылды.
Студенттік жатақханаларда кинологиялық қызмет орталығының қызметтік иттерінің қатысуымен рейдтік іс-шаралар жүргізілуде. Бұл тыйым салынған заттарды анықтауға мүмкіндік береді.
Есірткі құқық бұзушылықтарының алдын алу полиция қызметінің басым бағыттарының бірі болып қала береді.
— Біздің мақсатымыз — жастарды қауіпті қателіктерден қорғап, олардың болашағын сақтау, — деп атап өтті Асем Ерденова.
