Қостанайда полицейлер жол қозғалысын ұйымдастыру бойынша біліктілікті арттыру курсынан өтті
Теория мен тәжірибе. Қостанайда полицейлер жол қозғалысын ұйымдастыру бойынша біліктілікті арттыру курсынан өтті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Бірлескен меморандум аясында жол және техникалық инспекция бөлімшелерінің қызметкерлері Қостанай автомобиль көлігі колледжінің базасында біліктілікті арттыру курстарынан өтті. Колледж оқытушылары полицейлерге автокөлік жолдарын жобалау және пайдалану туралы айтып берді. Сондай-ақ автобус паркінде көшпелі сабақ ұйымдастырылып, онда рейс алдындағы техникалық және медициналық тексеруден өту тәртібі көрсетілді.
Қостанай облысы ПД бастығының бірінші орынбасары Алексей Милюктің айтуынша, мұндай оқыту курстары алғаш рет өткізілді. Соңғы кезеңде өткен дәріс бойынша тестілеу болды. Оның нәтижесінде әрбір техникалық инспекция инспекторы сертификат алды.
Колледж директоры Дмитрий Павленко мұндай тәжірибе алмасу жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуге тиімді әсер етеді деп санайды. Сондай-ақ ол меморандум аясында полицейлер колледж студенттерімен тәрбие және алдын алу жұмыстарын жүргізетінін атап өтті.