Қостанайда полицейлер "Жолда қабылдау" акциясы аясында тұрғындармен кездесті
Қостанайда полицейлер "Жолда қабылдау" акциясы аясында тұрғындармен кездесті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қала орталығында көшеде өтіп бара жатқан кез келген адам полицейлерге өз сұрақтарын қойды.
Қостанайда "Қауіпсіз жол" республикалық жедел алдын алу іс-шарасы аясында "Жолда қабылдау" акциясы өтті. Қаланың қақ ортасында полиция департаментінің қызметкерлері арнайы шатыр орнатып, онда әрбір адам құқық қорғау органдарының өкілдерімен тікелей сөйлесе алды.
Халықпен көшпелі кездесуге жергілікті полиция қызметі, әкімшілік полиция, көші-қон қызметі басқармасының қызметкерлері, сондай-ақ "Қазавтожол" ҰК" АҚ өкілі қатысты.
— Басты мақсатымыз — адамдарға жақын болу, олардың сұрақтарын тыңдау, мәселелерді түсіну және оларды шешудің жолдарын дәл сол жерде табу, — деп атап өтті Қостанай облысы ПД ЖПҚБ бастығының орынбасары Марат Сахратов.
Мұндай кездесулер тек ақпараттандыру ғана емес, сонымен қатар жедел әрекет ету мүмкіндігі.
Тұрғындар полиция қызметкерлеріне белсенді түрде жүгініп, өз мәселелерімен бөлісті. Өтініштердің негізгі тақырыптары жол қауіпсіздігіне, жасанды кедергілерді орнатуға, аумақты абаттандыруға және қоғамдық тәртіпті сақтау мәселелеріне қатысты болды.
Баймағамбетов көшесінде тұратын 80 жастағы тұрғын шулы көршілер мен қоқыс шығару мәселесіне шағымданды. Оның өтініші бойынша Марат Сахратов дереу фактілерді тексеруге тапсырма берді
— Біз міндетті түрде заң аясында шаралар қабылдаймыз, — деді ол.
Жыл басынан бері өңірде тыныштықты бұзғаны үшін 1500-ге жуық адам жауапқа тартылды.
Сондай-ақ "Химик" бау-бақша қоғамында рұқсат етілмеген ашық кәріз люгі туралы өтініш келіп түсті. Ақпарат бірден аумаққа қызмет көрсететін учаскелік инспекторға жолданды.
Тұрғындардың бірі Баймағамбетов көшесіндегі "Автодом" ғимаратының жанына жаяу жүргіншілер өткелін, сондай-ақ Мелькомбинат ауданындағы Баймағамбетов пен теміржол қиылысына бағдаршам орнатуды сұрады. Оның айтуынша, бұл шаралар жолдағы қозғалыс қауіпсіздігін едәуір арттыруға көмектеседі.
Марат Сахратов мұндай көшпелі кездесулерді алдағы уақытта да жалғастыру жоспарланып отырғанын атап өтті.
— Біз азаматтарға жол қозғалысы ережелері мен заңнаманы сақтаудың маңыздылығын еске салып қана қоймай, оларды тыңдап, ұсыныстар қабылдап, әрбір азаматқа жақын болғымыз келеді. Бұл — "халық үніне құлақ асатын мемлекет" қағидатының шынайы көрінісі, - деп атап өтті ол.
Мұндай "мобильді қабылдау бөлмелері" демалыс күндері бүкіл облыс аумағында жұмыс істейді — полиция қызметкерлері халық көп шоғырланатын орындарды таңдап, тыңдауға және әрбір азаматқа көмектесуге дайын болады.