Қостанайда полиция есірткі қылмысына қарсы күресті күшейтті
Қостанайда полиция есірткі қылмысына қарсы күресті күшейтті, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Қостанай облыстық полиция департаментінде Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитеті өкілдерінің қатысуымен маңызды жұмыс кеңесі өтті. Басқосудың басты мақсаты – өңірдегі есірткі ахуалын саралап, сала мамандарының тәжірибе алмасуына мүмкіндік жасау және нашақорлықпен күрес бағытындағы бірлескен шараларды нақтылау.
Кеңеске департамент басшылығы мен есірткіге қарсы күрес жүргізетін мамандандырылған бөлімшелердің қызметкерлері қатысты. Кездесу барысында 2025 жылдың алғашқы бес айындағы жұмыс қорытындылары жарияланып, алдағы кезеңге арналған басым бағыттар белгіленді.
Қостанай облысы ПД есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Данияр Дәндібаев аймақтағы жедел жағдайға жан-жақты тоқталды. Оның айтуынша, жыл басынан бері заңсыз айналымнан 47 келіге жуық түрлі есірткі тәркіленсе, оның 2,5 келісі – синтетикалық заттар. Сонымен қатар сегіз фитозертхананың қызметі тоқтатылып, есірткі өнімдерін жарнамалаған 500-ден астам интернет-ресурс бұғатталған.
Жиын барысында ҚР ІІМ есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитеті екінші басқармасы бастығының орынбасары Сергей Ильиных қазіргі таңдағы басты қауіптердің бірі – синтетикалық есірткінің жаңа түрлерінің жылдам пайда болуы екенін атап өтті. Оның айтуынша, әлем бойынша ай сайын ондаған жаңа химиялық қосылыстар тіркеледі. Бұл жағдай құқық қорғау құрылымдарынан үздіксіз сараптама жасап, жедел жауап беру тетіктерін жетілдіруді талап етеді.
Кеңесте сондай-ақ есірткі зертханаларын анықтау және жою барысында қызметкерлердің қауіпсіздігін сақтау мәселесі де көтерілді. Себебі мұндай нысандарда қолданылатын улы заттар адам өмірі мен денсаулығына зор қауіп төндіреді. Осы орайда, арнайы операцияларға қатысатын мамандарды қорғаныш құралдарымен толық қамтамасыз ету – басты назарда болуы тиіс.
Жиын қорытындысында ведомствоаралық ынтымақтастықты нығайту, заманауи техникалық құрал-жабдықтарды жаңарту және халық арасында профилактикалық жұмыстарды жандандыру бағытында бірқатар нақты шешімдер қабылданды.
Бұл – есірткіге қарсы күресте жүйелі әрі кешенді қадам жасау жолындағы маңызды бастама.