Қостанайда полиция мен күзет ұйымдары балалар қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесін талқылады
31 қазанда Қостанай облысының полиция департаментінде білім беру мекемелеріндегі балалардың қауіпсіздігін қоса алғанда, қоғамдық тәртіпті сақтаудағы өзара іс-қимыл мәселелерін талқылау бойынша жұмыс кездесуі өтті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Басқосуға полиция департаментінің басшылығы, күзет қызметін бақылау бөлімінің мамандары және жеке күзет ұйымдарының өкілдері қатысты.
Кездесу барысында тараптар қоғамдық тәртіпті қорғауды қамтамасыз ету, оның ішінде білім беру мекемелеріндегі балалардың қауіпсіздігін күшейту бағытында бірлескен әрекеттерді қарастырды. Сонымен қатар криминалдық полиция қызметкерлері бөтеннің мүлкін ұрлаудың алдын алу және нысандардағы қауіпсіздік шараларын нығайту мәселелерін ортаға салды.
Қостанай облысы полиция департаменті бастығының міндетін атқарушы Алексей Милюк бұл кездесуде сөз сөйлеп: “Біздің ең басты және ортақ міндетіміз – азаматтар мен олардың мүлкінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Күзет ұйымдары осы маңызды мәселеде ішкі істер органдарымен тығыз қарым-қатынаста қызмет ету үшін құрылған,” – деп атап өтті.
Аймақтағы 175 жеке күзет ұйымы қоғам тыныштығын сақтауға өз үлестерін қосып келеді. Кездесуде “Күзет ұйымдары қызметкерлерінің күні” мерекесіне орай қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етудегі ерекше жетістіктері үшін бірқатар күзет қызметкерлері марапатталды.
Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің грамоталарымен марапатталғандардың қатарында Айдархан Өміржанов, Қадырбек Доспанов, Бақит Қорғамбаев, Сапар Сазанбаев және Алмаз Бармақты бар.