Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Қостанайда полиция мен қырағы тұрғын зейнеткерді алаяқтардан құтқарды

Қостанайда полиция мен қырағы тұрғын зейнеткерді алаяқтардан құтқарды, — деп хабарлайды Polisia.kz.

10 қазан күні сағат шамамен 13:00-де "102" нөміріне әйел адамнан қоңырау түсті. Ол Қайырбеков көшесінде орналасқан дүкендердің бірінде екі егде жастағы адамның терминал алдында тұрғанын және олардың телефон арқылы белгісіз біреудің нұсқауымен әрекет етіп жатқанын хабарлаған. Күдікті жағдайды байқап қалған қырағы қала тұрғыны бейжай қалмады.

Оқиға орнына жедел жеткен патрульдік полиция тобының күдігі расталды. Зейнет жасындағы жұп шынында да бейтаныс нөмірге шамамен 2 миллион теңге аударғалы жатқан. Абырой болғанда, полицияның тез әрекет етуінің арқасында аударым тоқтатылып, қаражат сақталып қалды.

Полиция қызметкерлері атап өткендей, дәл осы куәгердің бейжай қарамауы қаржылық қылмыстың алдын алуға мүмкіндік берді. Мұндай алаяқтық схемалары бүгінде жиі кездеседі, ал олардың басты назары көбіне егде жастағы азаматтар болады.

Алаяқтар өзін банктердің, полицияның немесе әлеуметтік қызметтердің қызметкері ретінде таныстырып, сенімге кіріп, азаматтарды қорқыту арқылы әрекет етеді. Яғни, есепшотты бұғаттаймыз, ақшаңызды қорғау үшін дереу аударыңыз деп қысым көрсетеді. Мақсаттары — адамды шатастырып, тез шешім қабылдату.

Полиция ескертеді:

— Ешбір банк немесе мемлекеттік органның қызметкері телефон арқылы ақша аударуды сұрамайды;

— Егер сөйлесу күмән тудырса — әңгімені тоқтатып, ресми нөмірге өзіңіз қайта қоңырау шалыңыз;

— Егер өзіңіз немесе жақыныңыз осындай жағдайға тап болса, қорықпай айналаңыздан көмек сұраңыз немесе бірден полицияға жүгініңіз.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру