Қостанайда полиция мен еріктілер әлеуметтік эксперимент өткізді
Қостанайда полиция мен еріктілер әлеуметтік эксперимент өткізді, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Өткен демалыс күндері Қостанай қаласында полицейлер мен еріктілер бірлесіп рейд жүргізіп, әлеуметтік эксперимент ұйымдастырды. Шараның мақсаты — 21 жасқа толмағандарға алкоголь мен темекі өнімдерін сату фактілерін анықтап, заң талаптарының сақталуын бақылау.
Әлеуметтік тәжірибеге 19 және 20 жастағы ерікті жастар қатысып, кешкі уақытта қала дүкендерін аралап, сатушылардың әрекетін бақылауға кірісті.
Қостанай облыстық жергілікті полиция қызметі бөлімінің бастығы Ернұр Алтаев атап өткендей, Қазақстан заңнамасына сәйкес, 21 жасқа дейінгі азаматтарға алкогольдік ішімдіктер мен темекі өнімдерін сатуға тыйым салынған. Мұндай құқық бұзушылықтар үшін әкімшілік жаза қарастырылған.
Рейд нәтижесінде тексерілген дүкендердің басым бөлігінде сатушылар заң талаптарын сақтап, жастарға спирттік ішімдік пен темекі сатудан бас тартқан. Алайда қаланың оңтүстік бөлігіндегі бір сауда нүктесінде еріктілерге сыра мен темекі сатылғаны анықталды. Құқық бұзушылық бірден тіркеліп, тиісті процессуалдық шаралар қабылданды.
Жергілікті полиция қызметінің аға инспекторы Индира Нұруеваның айтуынша, жыл басынан бері облыс аумағында осындай 125 рейд ұйымдастырылып, кәмелетке толмағандарға алкоголь сатқан 18 кәсіпкер жауапкершілікке тартылған. Сонымен қатар бір дүкен иесі 21 жасқа толмаған азаматқа темекі өнімін сатқаны үшін жазаға іліккен.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл іс-шаралар ең алдымен алдын алу мақсатында өткізіледі. Өңірде биылғы жылдың алғашқы бес айында алкогольге байланысты құқық бұзушылықтар 20,7%-ға артқан. Осыған байланысты рейдтер жалғасады.