Қостанайда полиция қоғамдық орындарда бетті тұмшалауға заңмен тыйым салынғандығы туралы ескертеді
Биылғы жылдың шілде айынан бастап Қазақстанда қоғамдық орындарда бетті толық жабатын киім киюге тыйым салынды. Бұл норма қандай да бір шектеу қоюды емес, ең алдымен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуді көздейді, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Қоғамдық кеңістікте адамның бет-әлпетінің ашық болуы — құқық қорғау органдары мен жедел қызметтердің, сондай-ақ бейнебақылау жүйелерінің тиімді жұмыс істеуінің маңызды шарты. Бұл талап қоғамдық тәртіпті сақтау мен қылмыстың алдын алуға тікелей ықпал етеді.
Құқық қорғау органдарының тәжірибесі көрсеткендей, қылмыс жасаған тұлғалар көбіне танылмау үшін бет-ауызын әдейі жасырады. Мәселен, биыл қаңтар айында Қостанай облысында жанармай құю бекетінде орын алған қарақшылық кезінде күдікті бет-аузын жауып, сатушыға пышақпен қоқан-лоққы көрсеткен. Сот үкімімен ол 3 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды.
Жаңа талаптар бойынша қоғамдық орындарда адамның тұлғасын тануға мүмкіндік бермейтін, бетті толық жабатын киім элементтеріне тыйым салынады. Олардың қатарына никаб, балаклава, бетперде және бетті толықтай жасыратын өзге де жабындар жатады. Сонымен бірге заңнамада ар-ождан бостандығына шектеу қойылмайтыны нақты көрсетілген.
Заңда бетті жабуға рұқсат етілетін ерекше жағдайлар да қарастырылған. Олар — медициналық қажеттілік, ауа райының қолайсыздығы, кәсіби қызмет, сондай-ақ мәдени, спорттық және бұқаралық іс-шаралар.
Жаңа нормалар жазалау үшін емес, алдын алу мақсатында енгізілді. Негізгі қағида қарапайым: қоғамдық орындарда баршаға ортақ қауіпсіздік үшін әр адамның бет-әлпеті ашық болуы тиіс.
