Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Қостанайда полиция құқық бұзушыларға ескерту жазбаларын тыңдатуда

Қостанай облысында құқық бұзушыларға аудиопрофилактика жүргізілуде, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Қостанай облысында полиция бөлімшелерінде құқық бұзушыларға ықпал етудің ерекше тәсілі енгізілді. Енді сот шешімімен қамауға алынған азаматтар – оның ішінде көлікті мас күйінде басқарғандар мен отбасылық жанжал шығарғандар – арнайы қабылдағыштарда ескерту мазмұнындағы аудиожазбаларды тыңдайды.

Аудиожазбалар дауыс зорайтқыш арқылы қосылып, онда мас күйде көлік жүргізудің, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың және өзге де қоғамға жат әрекеттердің салдары туралы нақты түсіндірмелер беріледі. Хабарламалар қысқа әрі нұсқа үндеулермен толықтырылған: "Мас жүргізуші – қылмыскер", "Отбасылық зорлық-зомбылыққа жол жоқ" және т.б.

Полиция қызметкерлерінің айтуынша, мұндай әдіс құқық бұзушылардың санасында заңға қайшы әрекеттерге деген тұрақты жиіркеніш қалыптастыруға, сондай-ақ жеке жауапкершілігін сезінуге бағытталған.

– Бұл – жаза емес, профилактиканың қосымша түрі. Мақсатымыз – адамның істеген ісінің қоғамға қауіпті екенін түсіндіру және өз мінез-құлқын қайта қарауға мүмкіндік беру, – деп атап өтті полиция департаменті.

Жаңа тәсіл алғашқы нәтижесін беріп үлгерді. Полицейлердің айтуынша, кейбір құқық бұзушылар жасаған ісіне өкініш білдіріп, мұндай қателікті қайталамауға уәде еткен.

Аудио форматтағы профилактика алдағы уақытта да жалғасын тауып, кеңейтіледі. Полиция тұрмыстық зорлық-зомбылық пен жол-көлік оқиғаларының алдын алу үшін қолжетімді әрі тиімді барлық тәсілдерді қолдана бермек.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру