Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Қостанайда полиция қызметкерлері білім беру ұйымдарындағы күзеттің дайындығын тексерді

Қостанайда полиция қызметкерлері білім беру ұйымдарындағы күзеттің дайындығын тексеруде, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Қостанай облысы полиция департаментінің экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері өңір аумағындағы білім беру нысандарының терроризмге қарсы қорғалу деңгейін тексеру бойынша жоспарлы іс-шараларды жүйелі түрде жалғастыруда. Құқық қорғау органдарының басты назарында мектептер, балабақшалар мен колледждер бар.

Экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкері Амангелді Бапиновтың айтуынша, тексеру барысында ең алдымен өткізу режимінің сақталуына, күзет қызметкерлерінің даярлығына және "дабыл түймесі" сигналы түскен жағдайда әрекет ету тәртібіне ерекше көңіл бөлінеді. Сонымен қатар бейнебақылау, дыбыстық хабарландыру және нысанға кіруді бақылау жүйелерінің жұмыс істеу жай-күйі де жан-жақты бағаланады.

Тексеру аясында экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасының жедел қызметкерлері — Амангелді Бапинов пен Ерлан Тумурзин облыс орталығындағы бірқатар мектептерде оқушылар мен педагогтарға арналған дәрістер мен түсіндіру әңгімелерін өткізуде.

Өткен аптада полиция қызметкерлері №10, 15, 16, 19, 20, 31 және Абай атындағы жалпы білім беретін мектептерді, сондай-ақ KAZGUU School.Qst білім беру ұйымын аралады.

Кездесулер барысында оқытушылар мен оқушыларға террористік қауіп туындаған кездегі іс-қимыл алгоритмі еске салынды. Күдікті заттар анықталған жағдайда эвакуациялау тәртібі, сондай-ақ білім беру мекемесіне шабуыл жасалған кезде оқушылар мен қызметкерлерді оқшаулау жолдары жан-жақты түсіндірілді.

Полиция өкілдерінің айтуынша, мұндай алдын алу іс-шаралары тұрақты түрде өткізіліп, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған. Тексерулер ықтимал кемшіліктерді дер кезінде анықтап, жоюға мүмкіндік беріп, ұйымдардың төтенше жағдайларға дайындық деңгейін арттырады.

Жыл басынан бері облыс полицейлері 520-дан астам оқу-жаттығу және тәжірибелік іс-шара өткізіп, 57 мыңнан астам оқушыны, педагогты және нысан персоналын қамтыды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру