Қостанайда полиция жалған нөмірі бар көлікті анықтады
Қостанайда полиция жалған нөмірі бар көлікті анықтады, — деп хабарлайды Polisia.kz.
20 мамырда Қостанайда патрульдеу кезінде полиция қызметкерлері “Қорғау” мобильді қосымшасының көмегімен әкімшілік заңнаманың бұзылғанын анықтады. 48 жастағы жүргізуші тізгіндеген Honda Stepwgn көлігінде жалған мемлекеттік тіркеу нөмірлері орнатылған.
Полиция көлікті дереу тоқтатты. Құқық бұзушыға қатысты әкімшілік іс қозғалып, материалдар сотқа жолданды. Жүргізушіге бес тәулікке дейінгі мерзімге әкімшілік қамауға алу, сондай-ақ бір жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айыру қаупі төніп тұр.
Автокөлік арнайы айыппұл тұрағына қойылды.
Айта кету керек, бұл — Қостанай облысында осы жылдың басынан бері жалған нөмірлерді қолданудың бесінші жағдайы. 2024 жылы құқық қорғау органдары осындай 32 деректі анықтады.
Полиция жалған нөмірлерді пайдалану — ауыр құқық бұзушылық екенін және жол қауіпсіздігіне елеулі қауіп төндіретінін еске салады. Мұндай құқық бұзушылықтарды анықтау бойынша жұмыстар қазіргі заманғы цифрлық құралдарды қолдану арқылы тәулік бойы жалғасуда.