Қостанайда пробация талаптарын жүйелі бұзған сотталғанға жаза күшейтілді
Қостанайда пробация талаптарын жүйелі бұзған сотталғанға жаза күшейтілді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қостанай қаласының ауданаралық сотында бостандығын шектеу түріндегі жазаны өтеу кезеңінде сот белгілеген тәртіп пен шарттарды бірнеше рет және жүйелі түрде бұзған сотталған адамға қатысты Қостанай қаласының пробация қызметі енгізген ұсыныс қаралды.
Сот талқылауы барысында сотталған адамның пробация қызметінде есепке қойылғаны, оған заңда белгіленген тәртіппен құқықтары мен міндеттері, сондай-ақ жүктелген шектеулерді орындамаған жағдайда туындайтын салдарлар түсіндірілгені анықталды. Алайда, соған қарамастан, сотталған адам белгілі бір уақыт аралығында сот үкімін орындауға тиісті көзқарас танытпай, пробация қызметі қызметкерлерінің заңды талаптарын елемеген.
Атап айтқанда, іс материалдарында сотталған адамның түнгі уақытта, яғни сағат 22:00-ден кейін тұрғылықты мекенжайы бойынша бірнеше рет болмағаны туралы деректер тіркелген. Бұл – бостандығын шектеу режимін тікелей бұзу.. Сонымен қатар ол белгіленген уақытта пробация қызметіне міндетті тіркеуге жүйелі түрде келмей, келмеу себептері туралы хабарламаған және оны растайтын құжаттарды ұсынбаған.
Пробация қызметі тарапынан сотталған адамға қатысты профилактикалық сипаттағы шаралар бірнеше рет қолданылған. Онымен түсіндіру әңгімелері жүргізіліп, жазаның өтелмеген бөлігін неғұрлым қатаң жаза түріне ауыстыру мүмкіндігі туралы жазбаша ескертулер берілген. Алайда аталған шаралар тиісті нәтиже бермей, сотталған адам заң талаптары мен сот шешімдеріне немқұрайлы қарағанын көрсете отырып, жазаны өтеудің белгіленген тәртібін бұзуды жалғастырған.
Ұсынылған дәлелдердің жиынтығын бағалай келе, сот жол берілген құқық бұзушылықтардың қайталанғанын және сотталған адамның жазаны өтеуден жалтарғанын білдіретінін анықтады. Сондай-ақ сот бостандығын шектеу түріндегі жазаны одан әрі өтеу оның түзеуіне ықпал етпейтінін атап өтті.
ҚАЖ қызметкерлері белгілеген шектеулерді сақтау әрбір сотталған адамның міндеті екенін және оларды елемеу неғұрлым қатаң құқықтық салдарға әкеп соғатынын атап өтті.
