Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Қостанайда тағы бір рұқсатсыз қоқыс үйіндісі анықталды

Қостанай қаласында "Таза Қазақстан" экологиялық акциясы аясында тағы бір рұқсатсыз қоқыс үйіндісі анықталды, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Экологтармен бірлескен мобильді топтар құрамында Қостанай облысының полицейлері заңсыз қоқыс төгілген аумақтарды анықтау және жою жұмыстарын жүйелі түрде жүргізуде. Жыл басынан бері полиция қызметкерлерінің бастамасымен 23 рұқсатсыз қоқыс орны тіркеліп, соның 19-ы жергілікті атқарушы органдардың күшімен жойылды.

Кезекті рейд барысында Қостанай қаласының Дорожников көшесінде жаңа қоқыс үйіндісі анықталды. Аталған дерек жедел түрде 102 пультіне тіркеліп, материалдар тиісті шаралар қабылдау үшін экологтар мен полицейлер арқылы жергілікті билікке және экология департаментіне жолданды. Айта кетейік, маусым айында дәл осы маңнан құрылыс және тұрмыстық қалдықтардан құралған үлкен үйінді жойылған болатын. Ол кезде тазалау жұмыстарымен қалалық әкімдіктің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі айналысқан.

Қостанай облысы полиция департаментінің табиғат қорғау қызметінің аға инспекторы Қанат Шыкановтың айтуынша, мұндай заңбұзушылықтар үшін Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 505-бабы бойынша жауапкершілік қарастырылған. Жыл басынан бері абаттандыру ережелерін бұзғаны үшін 7000-ға жуық азамат жауапкершілікке тартылып, оның 1800-ден астамы қоғамдық орындарды ластағаны үшін әкімшілік жазаға іліккен.

Қостанай облысы бойынша экология департаментінің мемлекеттік экологиялық инспекторы Сайран Құсайыновтың айтуынша, өңірде "Қазақстан Ғарыш Сапары" ұлттық компаниясы әзірлеген ғарыштық мониторинг жүйесі белсенді түрде қолданылуда.

— Спутниктер мен арнайы геосервистердің көмегімен біз орбитадан қоқыс шоғырланған аумақтардың нақты суреттерін аламыз. Кейін біздің инспекторлар сол жерге барып, тиісті актілер толтырып, материалдарды жауапты органдарға жолдайды. Осылайша, заңбұзушылықтарды жою қамтамасыз етіледі, — деді Сайран Құсайынов.

Оның айтуынша, бұл технология рұқсатсыз қоқыс үйінділерін анықтау процесін едәуір жылдамдатып, қоршаған ортаны қорғау бойынша нақты әрі уақытылы әрекет етуге мүмкіндік береді. Жыл басынан бері аталған әдіс арқылы облыс аумағында 134 заңсыз қоқыс алаңы анықталып, соның 33-і жойылған.

Заманауи спутниктік технологияларды құқық қорғау, экологиялық және коммуналдық қызметтердің үйлесімді іс-қимылымен ұштастыру – қоршаған ортаны қорғаудағы тиімді қадам. Бұл тәсіл рұқсатсыз қоқыс үйінділерін уақтылы анықтап, жоюға мүмкіндік беріп қана қоймай, қоғамның экологиялық мәдениетін арттыруға септігін тигізеді.

Мұндай жүйелі жұмыс – табиғатты аялауға бағытталған жауапкершілік пен ұқыптылықтың айқын көрінісі. Нәтижесінде, таза және қауіпсіз орта қалыптастыру – барша қоғамның ортақ міндеті екені айқындала түседі.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру