Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Қостанайда тіл білгірлері марапатталды

Қостанайда «Тілдарын» оқу орталығында мемлекеттік тілді дамытуға қосқан үлесі үшін грамоталарды онлайн тапсыру рәсімі өтті, – деп хабарлайды Polisia.kz.

5 қыркүйек – қоғам және мемлекет қайраткері, ұлы ағартушы, ғалым-лингвист, ақын Ахмет Байтұрсыновтың туған күні қарсаңында жыл сайын Қазақстан халықтарының тілдері күні атап өтіледі.

Осыған байланысты, Қостанай облысы әкімдігінің тілдерді дамыту басқармасының басшысы мемлекеттік тілді дамытуға елеулі үлес қосып жүрген мемлекеттік қызметшілерге, журналистерге және қоғам қайраткерлеріне алғыс хаттар табыс етті. Марапатталғандардың қатарында Қостанай облысы полиция департаментінің қызметкерлері де бар.

Облыс ПД өзіндік қауіпсіздік басқармасының тергеушісі Евгений Лешков пен Қостанай қаласы Полиция басқармасының ювеналды полиция инспекторы Владислава Сидорова қазақ тілін еркін меңгерген.

Полиция капитаны Евгений Лешков қылмыстық істерді мемлекеттік тілде де тергейді.

– Мен облыс орталығындағы қазақ-түрік лицейінде оқып, қазақ тілін меңгердім. Мемлекеттік тілді меңгерудің арқасында көп жетістікке жеттім, өйткені менің мамандығымда көмекке жүгінген азаматтарды түсіну маңызды, – дейді тергеуші Евгений Лешков.

Полиция лейтенанты Владислава Сидорова Арқалықта туып, бала кезінен қазақ тілін біліп өскен.

– Мен Арқалықта туып, Жарқайын ауылында өстім. Онда барлығы қазақ және орыс тілдерінде еркін сөйлейді. Менің ойымша, тәуелсіз Қазақстанның азаматтары мемлекеттік тілді білуі керек, – дейді ювеналды полиция инспекторы.

Марапаттау рәсімінде тілдерді дамыту басқармасының басшысы Гүлжан Мендекинова полиция қызметкерлерінің мемлекеттік тілді меңгерудегі белсенділігін ерекше атап өтті.

– Оқу орталығында онлайн оқыту жалғасуда. Жұмыс режимінің күшеюіне қарамастан, қостанайлық тәртіп сақшылары әрдайым тілдерді үйренуге уақыт табады, – деп атап өтті Г. Мендекинова.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру