Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Қостанайда цифрлық сауаттылықты арттыруға бағытталған кездесу өтті

Қостанайда цифрлық сауаттылықты арттыруға бағытталған кездесу өтті, — деп хабарлайды Polisia.kz.

“Цифрлық қоғам” жобасы аясында Қостанай қаласында “AMANAT” партиясының ұйымдастыруымен цифрлық сауаттылық бойынша кездесу өтті. Іс-шара заманауи технологияларды қауіпсіз әрі тиімді пайдалануды үйретуге бағытталған. Жоба әсіресе интернет-қауіптерге осал топтар – қарттар мен балаларға ерекше көңіл бөледі.

Кездесу Қостанайдағы “Жастар сарайы” ғимаратында ұйымдастырылды. Оған ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, “AMANAT” партиясының өкілдері, сондай-ақ Қостанай облысы полиция департаментінің киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасы бастығының орынбасары Олжас Мағыпаров қатысты.

Тәртіп сақшысы жиын барысында интернет-алаяқтықтың кең таралған түрлері, олардан қорғану жолдары, сондай-ақ интернеттегі қауіпсіздік шаралары туралы баяндама жасады. Ол әлеуметтік желілерде, онлайн дүкендерде және басқа да интернет алаңдарда жеке деректерді сақтап, күмәнді сілтемелерге өтпеу, онлайн төлемдер кезінде барынша мұқият болу қажеттігін атап өтті.

– Бүгінде киберқылмыс жыл сайын артып келеді. Азаматтарымыз, әсіресе егде жастағылар мен жастар интернеттегі алаяқтардан жиі жапа шегуде. Сондықтан біз қоғамның саналы мүшелерін цифрлық қауіпсіздік негіздеріне үйретуді мақсат еттік, – деді Олжас Мағыпаров.

Кездесу барысында қатысушылар полиция өкіліне өз сұрақтарын қойып, алаңдатқан мәселелер бойынша нақты кеңестер алды. Сонымен қатар тәртіп сақшысы жиналғандардан алған ақпараттарды отбасы мүшелеріне, әсіресе егде жастағы туыстарына жеткізуді сұрады.

Айта кетейік, Мәжіліс депутаттары мен “AMANAT” партиясы фракциясының мүшелері “Цифрлық кодекс” пен “Жасанды интеллект туралы” заң жобаларын әзірледі. Жоба авторларының бірі, депутат Екатерина Смышляева аталған құжаттар технологиялық даму мен азаматтардың құқықтарын қорғау арасындағы тепе-теңдікті сақтауға бағытталғанын атап өтті.

– “Цифрлық қоғам” жобасы – әрбір азаматтың заманауи цифрлық технологияларды сенімді әрі қауіпсіз қолдануын қамтамасыз етуге арналған. Біздің міндетіміз – адамдарға жеке деректерін қорғауды, қауіп-қатерді дер кезінде танып-білуді және цифрлық мүмкіндіктерді тиімді пайдалануды үйрету, – деді ол.

Цифрлық кеңістіктегі азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыру – киберқылмыстардың алдын алу үшін маңызды қадам. Осындай кездесулер халықтың цифрлық қауіпсіздікке деген көзқарасын нығайтып, жаңа білім мен дағдылар береді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру