Қостанайда ұландықтар қоғамдық көлікте жеңіс әндерін шырқады
Қостанайда ұландықтар қоғамдық көліктерде күтпеген жерден мерекелік ән-шашу ұйымдастырды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қазақстан Республикасы ІІМ Ұлттық ұланы "Орталық" өңірлік қолбасшылығына қарасты Қостанай қаласында орналасқан 6697 әскери бөлімінің әскери қызметшілері "Жеңіске 100 күн қалғанда" атты акция аясында қала тұрғындарына тамаша көңіл күй сыйлады. Ең алдымен ұландықтар қала көшелеріндегі тұрғындар ең көп шоғырланған аялдамада ән шырқап бастап, содан кейін қоғамдық көліктерде ән-шашуын әрі қарай жалғастырды. Қала тұрғындары ұландықтар ұйымдастырған бұл іс-шараны ыстық ықыласпен қабылдап, кейбірі тіпті бірігіп ән де салды.
- Біз үшін, бұл іс-шара күтпеген тосын сый болды. Осындай іс-шаралар арқасында біз жас ұрпақтың жеңіске деген ыстық лебіздеріне тәнті болдық. Ұлттық ұланның тарапынан басталған бұл акция әр жыл сайын өз жалғасын тапса екен дейміз, - деп атап өтті қала тұрғыны.
Ұйымдастырушылардың мәлімдеуінше, алдағы уақытта осы тектес іс-шаралар өз жалғасын табады. "Жеңіске 100 күн қалғанда" атты акция аясында қала тұрғындары үшін көптеген жаңа іс-шаралар өткізіледі. Еліміздің әрбір өңірінде бастау алған бұл іс-шаралар болашақ ұрпаққа үлкен өнеге алып келетіні айдан анық.