Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Қостанайда заңсыз жолаушылар тасымалына тосқауыл қою мақсатында рейд өтті

Қостанайда заңсыз жолаушылар тасымалына тосқауыл қою мақсатында рейд өтті, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Қостанай облысында "Қауіпсіз жол" жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында полиция қызметкерлері мен көліктік бақылау инспекциясы бірлесіп заңсыз тасымалдаушыларды анықтауға бағытталған ауқымды рейд ұйымдастырды. Бұл шара өңірдегі жол қауіпсіздігін арттыру мен жолаушылардың құқығын қорғауға бағытталған.

Тексерулер облыстың басты автожолдарында өтті. Полиция қызметкерлері жолаушыларды тасымалдайтын көліктердің техникалық жай-күйін мұқият қарап, жүргізушілердің құжаттарының толықтығын, оның ішінде жүргізуші куәлігі, лицензия, жол парақтары және медициналық тексеруден өткені жөніндегі анықтамаларды тексерді.

Рейд барысында еңбек және демалыс режимінің сақталуы да назардан тыс қалмады. Мемлекеттік тіркеусіз және тиісті рұқсатсыз жұмыс істейтін такси жүргізушілері ерекше бақылауға алынды, себебі мұндай заңсыз әрекеттер жолаушылардың қауіпсіздігіне едәуір қауіп төндіреді.

Шара барысында Chevrolet Cobalt автокөлігі тоқтатылып, салонында төрт жолаушы отырғаны анықталды. Олар әрқайсысы 2000 теңгеден төлеп, заңсыз такси қызметін пайдаланған. Аталған жүргізуші жауапқа тартылды.

Жыл басынан бері өңірде осындай 77 құқық бұзушылық тіркеліп, олардың 41-і осындай профилактикалық іс-шаралар нәтижесінде әшкереленген.

— Бұл рейдтер – жолдағы тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз етудің тиімді құралы. Азаматтардың өмірі мен денсаулығын қорғау – біздің басты міндетіміз, – деді полиция департаментінің өкілдері.

Осындай шаралар қоғамда заңға деген құрметті қалыптастыруға және көлік саласындағы көлеңкелі бизнестің жолын кесуге бағытталған.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру