Қостанайда жаңа жылдық мерекелер қарсаңында гарнизондық таратылым өтті
Қостанайда жаңа жылдық мерекелер қарсаңында гарнизондық таратылым өтті, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Жаңа жыл мерекелері қарсаңында Қостанай облысы полиция департаменті алаңында өңір тұрғындарының мереке күндеріндегі қауіпсіздігі мен тыныштығын қамтамасыз етуге арналған құқық қорғау күштерінің гарнизондық таратылымы өткізілді.

Іс-шараға Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов, полиция департаментінің басшылығы мен жеке құрамы, Ұлттық ұланның 66/97 әскери бөлімінің әскери қызметшілері, қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің өкілдері, сондай-ақ ҚР ІІМ Ш. Қабылбаев атындағы академия тыңдаушылары қатысты.
Таратылым барысында жеке құрамның, арнайы жабдықтардың, қызметтік автокөліктер мен байланыс құралдарының күшейтілген қызмет режимінде жұмыс істеуге дайындығы тексерілді.
Облыс әкімі қатысушыларға сөз сөйлеп, жаңа жыл мерекелері кезінде құқық қорғау органдарының қызметкерлері қоғамдық тәртіпті, азаматтардың қауіпсіздігі мен тыныштығын қамтамасыз ету мақсатында қызмет атқаратынын атап өтті. Бұл тұрғындардың Жаңа жылды бейбітшілік пен сенім жағдайында қарсы алуына мүмкіндік береді.

Іс-шара аясында қызметтік міндеттерін атқару барысында жоғары кәсібилік пен жауапкершілік танытқан үздік қызметкерлер марапатталды.
Гарнизондық таратылым салтанатты саптық маршпен және жеке құрамның қоғамдық тәртіпті күзетуге шығуымен аяқталды.
