Қостанайда Жас инспекторлар қозғалысының XXVI облыстық слеті өтті
Қостанайда Жас инспекторлар қозғалысының XXVI облыстық слеті өтті, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Қостанай қаласында Жас инспекторлар жасақтарының дәстүрлі XXVI облыстық слеті жоғары деңгейде ұйымдастырылып, салтанатты түрде өтті. Іс-шараны Дене тәрбиесі және қосымша білім беру өңірлік орталығы мен Қостанай облысы полиция департаментінің жергілікті полиция қызметі басқармасы бірлесіп өткізді.
Слетке облыстың әр өңірінен келген 16 команда қатысты. Олар аудандық және қалалық кезеңдерден сүрінбей өткен үздіктер. Шараның басты мақсаты – жол қозғалысы ережелерін насихаттау, балалар мен жасөспірімдер арасында жол-көлік оқиғаларының алдын алу, сондай-ақ азаматтық жауапкершілікті қалыптастыру.
Слет барысында қатысушылар тоғыз түрлі номинация бойынша бақ сынады: саптық байқау, жас реттеушілер, жол қозғалысы ережелерін білгірлері, жас санитарлар, білгірлер турнирі, үгіт бригадалары байқауы, мәнерлеп велосипед жүргізу және педагогтар мен полиция қызметкерлері арасындағы байқаулар.
Әр байқауда балалар тек білімдерін ғана емес, сонымен қатар ұйымшылдықты, тәртіптілік пен көшбасшылық қабілеттерін де көрсете білді. Жол ережесін білу жарысында қатысушылар автокөлік жүргізушілеріне арналған тест сұрақтарына жауап беріп, өз білімдерін дәлелдеді. Бұл номинацияда Қостанай қаласының "Жалынды жасақтар" командасы үздік атанды.
Саптық байқауда командалар салтанатты маршпен жүріп, сап түзеп, жоғары дайындықтарын паш етті. Бұл байқауда Қостанай ауданының "Жігер" командасы үздік деп танылды. Ал үздік командир атағын Қостанай қаласынан Сумуков Санжар иеленді.
"Жас реттеуші", "Эрудиттер турнирі", "Жас санитар" және мәнерлеп велосипед жүргізу сияқты байқауларда да жоғары дайындық байқалды. Әсіресе, Ұзынкөл ауданының "Перекресток" командасы велосипед жүргізудегі шеберлігімен көзге түсті.
Слет аясында педагогтар мен полиция қызметкерлері де өзара сайысқа түсті. "Ашық үзіліс" байқауында үздік презентацияны ұсынған Қостанай қаласының ЖаннамБайкожаева бірінші орынды иеленді. Полиция қызметкерлері арасындағы үздік бейнеролик байқауында Қостанай ауданынан келген Виктор Ример жеңімпаз атанды.
Слет соңында жалпыкомандалық есеп қорытындыланып, жеңімпаздар мен жүлдегерлер анықталды.
1 орын – Қостанай қаласы әкімдігі білім бөлімінің №19 мектебінің "Жалынды жасақтар" командасы;
2 орын – Қостанай ауданының Заречный мектебінің "Жігер" командасы;
3 орын – Рудный қаласының №13 мектебінің "Дорожный дозор" командасы;
4 орын – Наурызым ауданының Докучаев мектебінің "Зеленый свет" командасы.
Барлық жеңімпаздар мен жүлдегерлер Қостанай облысы білім басқармасы мен полиция департаментінің грамоталарымен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Бұл слет – тек жарыс қана емес, балалар мен жасөспірімдердің өмірлік маңызы бар дағдыларды меңгеруге, жолдағы қауіпсіздік мәдениетін үйренуге арналған маңызды алаң. Іс-шара жыл сайын өсіп келе жатқан ұрпақтың тәртіпті, сауатты және жауапты азамат болып қалыптасуына үлкен үлес қосуда.