Қостанайда жастарға арналған ауқымды профилактикалық акция өтті
Қостанайда ауқымды профилактикалық акция өтті, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Қостанайда полиция департаменті ұйымдастырған "Заң — жасөспірім көзімен" форумы жастарға арналған ең ірі профилактикалық іс-шаралардың біріне айналды. Форум барысында құқық бұзушылықтың салдары нақты мысалдармен көрсетіліп, студенттер полиция қызметінің жұмысын көзбен көрді.

Шарада есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл тақырыбы көтеріліп, жыл басынан бері облыста 390 дерек тіркеліп, 300 келіден астам есірткі тәркіленгені айтылды. Кәмелетке толмағандарды есірткі тасымалдау схемасына тарту деректері де назарға алынды.
Кинологтар қызметтік иттер — бельгиялық овчарка Тесла мен лабрадор Принцтің із кесу дағдыларын көрсетіп, жасырылған имитаторларды еш қателеспей тапты. Бұл көрсетілім студенттер арасында ерекше әсер қалдырды.

Шара барысында сваттинг және терроризм туралы жалған хабарламалардың қауіптілігі түсіндірілді. Бір жыл ішінде облыста мұндай 5 қылмыстық іс қозғалған, барлығы — мектеп оқушыларына қатысты.
Форумның ең тосын сәті — киберқылмыстар туралы бөлімде арнайы жасақтың шартты дропперді көпшілік алдында ұстауы болды. Полицейлер дропперліктің қылмыс екенін, 2025 жылдан бастап 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылатынын еске салды.
Жасөспірімдер арасындағы қылмыс өсімі де назардан тыс қалмады: бір жылда 21,7%-ға артқан. 165 кәмелетке толмаған түнгі ойын-сауық орындарында ұсталған, 21 буллинг дерегі тіркелді.
Форум алғыс хаттарды тапсырумен аяқталып, ұйымдастырушылар жастарды әр іс-әрекеті үшін жауапкершілікпен қарауға шақырды.
