Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Қостанайда “Жедел жәрдемге жол бер” акциясы өтті

Қостанайда “Жедел жәрдемге жол бер” акциясы өтті, — деп хабарлайды Polisia.kz.

Кейде адамның бүкіл өмірі бірнеше секундқа байланысты болуы мүмкін. Қала көшелерінде арнайы жарық және дыбыс құрылғыларын қосып келе жатқанда, дәл осы бірнеше секунд үшін жедел жәрдем күреседі. Алайда күн сайын бұл көлік жолдағы кептелістен емес, жүргізушілердің жол бермегенінен бәсендеп қалады.

Қостанайда адамгершілікке тексеріс бағытында ерекше акция өтті. Жедел жәрдем көлігі қаланың адам көп жүретін көшелерімен полиция патрулі мен түсірілім тобымен бірге жүріп өтті. Мақсат — жүргізушілердің дабыл мен жарық шамдарын көргенде өздерін қалай ұстайтынын бақылау.

Өкінішке қарай, жол беруге дайын емес жүргізушілер бар екенін тексеріс нәтижесі айқындап берді. Мысалы, Seat көлігін жүргізіп келе жатқан ер адам дабыл белгісіне назар аудармады. Көлігінде аяғы ауыр жары болған, ауруханаға асыққан. Оны адами тұрғыдан түсінуге болады. Бірақ дәл осындай сәттерде тек өзін ғана емес, басқаны да ойлау қабілеті арқылы адамның кемелдігі байқалады. Полиция жүргізушімен профилактикалық әңгіме өткізді. Ол өз қателігін мойындап, “біреудің өмірін құтқаруға кедергі келтіруім мүмкін екенін түсіндім” деді.

Жол бойында Daihatsu Terios көлігінің иесі тоқталды. Ол полиция көлігінің алдын кесіп өтіп, жол-көлік оқиғасын болдыра жаздады. Абырой болғанда, ешкім зардап шеккен жоқ.

Бүгінгі таңда Қостанай облысында 56 жедел жәрдем бригадасы жұмыс істейді, соның 18-і Қостанай қаласында. Олар тәулігіне мың шақыртуға барады. Әр жолы жабық аула немесе жүргізушілердің жол бермеуі секілді сәттер кедергі келтіріп, бағалы уақыт жоғалады. Ал уақытпен бірге біреудің өмірі де кетуі мүмкін.

— Жедел жәрдем салонында кімдер отыруы мүмкін? Жаңа туған нәрестелерден бастап, қарт адамдарға дейін, аяғы ауыр әйелдер, жол апатынан зардап шеккендер, инфаркт алған науқастар. Бұл жай дабыл қосқан көлік емес — бұл біреудің мүмкіндігі. Кейде — соңғы үміті, — деді, - Облыстық аурухананың баспасөз хатшысы Ксения Жилкибаева.

Жыл басынан бері екі реанимобиль жол апатына түскен. Олар шақыртуға бара жатқан.

Полиция қызметкерлері тағы бір мәрте еске салады: жол қозғалысы ережелеріне сай, егер жедел жәрдем көлігі жарық және дыбыс сигналдарын қосқан болса — оған жол беру міндетті.

— Біз тек ереженің сақталуын тексеріп қойған жоқпыз. Біз еске салғымыз келді — жолда күн сайын кішкентай бір адамгершілікке тексеріс жүріп жатады. Дабыл естідің — көмектес. Өйткені ертең дәл сол көмек саған немесе жақындарыңа қажет болуы мүмкін. Ал егер біреу әдейі кедергі келтірсе — жауапкершілік міндетті түрде болады. Бұл тек ардың ісі емес, бұл — заң, - деді полиция инспекторы Талғат Аулабаев.

Бұл Қостанайда биылғы жылғы екінші акция. Біріншісі құтқару қызметімен бірге өткізілген, сол кезде жүргізушілердің өрт сөндіру техникасына жол беретін-бермейтіні тексерілген. Егер осындай рейдтерден кейін тек бір адам ойланып, тежеліп, жол берсе — демек, бұл істің бекер жасалмағанының белгісі.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру