Қостанайда Жеңістің 80 жылдығына орай ерекше кеш өтті
Қостанайда Жеңістің 80 жылдығына орай ерекше кеш өтті, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Қостанай қаласының тұрғындары үшін аса қымбат мекенге айналған аттракциондар саябағында Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай ерекше кеш өтті. Саябақ сахнасында соғыс жылдарынан естелік болып қалған жүрек тербетер әндер шырқалды. Бірақ бұл жолғы орындау — айрықша, тебіреніс пен тағзымға толы болды. Себебі бұл әндерді Қостанай қаласының тәртіп сақшылары — полиция қызметкерлері орындады.
"Журавли", "Қараңғы түн, "Жеңіс күні, "Әлия" сынды әндер талай ұрпақтың жүрегіне жақын, ел мен ердің шежіресіндей сыр шертетін шығармалар. Сол күндері саябақта әр нотамен бірге тыныштық орнады, әр шумақпен бірге жұртшылық жүрегі елжіреп, өткенді еске алды. Бірі қосылып ән салды, бірі көзіне жас алды... Әннен кейін дәстүрлі би де болды — барлығы шынайы эмоция мен рухани тұтастықтың белгісіндей.
Соғыс жылдарындағы әндер — жай ғана музыка емес, бұл — ұрпақтан ұрпаққа жалғасқан естелік, жауынгерлердің ерлігі мен қайсар рухының үні. Ал оны бүгін өз Отанында бейбіт өмірді күзетіп жүрген полиция қызметкерлерінің орындауы – ерекше мағыналы, әсерлі әрі жүрекке жылы тиді.
Мұндай шаралар әрқашан жалғасын тапсын. Себебі олар елдіктің еңсесін көтеріп, ұмытылмас жылдарға деген құрмет пен ризашылықты ұрпақ санасына сіңіреді. Қала тұрғындарына ерекше кеш сыйлаған тәртіп сақшыларына шын жүректен алғыс!