Қостанайда жігіттен аса ірі мөлшерде синтетикалық есірткі алынды
Қостанайда жігіттен аса ірі мөлшерде синтетикалық есірткі алынды, — деп хабарлайды Polisia.kz.
19 қарашада 102 пультіне көпқабатты үйдің кіреберісінде баспалдақтарда жас жігіттің жатқандығы туралы хабарлама түсті. Оқиға орнына полиция қызметкерлері келіп, жігіттің жағдайы нашар екенін анықтады.
Тексеру кезінде оның қалтасында ақ ұнтағы бар 35 түйіншек және электронды таразы табылды. Рюкзагынан полиция қызметкерлері ішінде дәл осындай заты бар тағы бір көлемді түйіншекті тапты.
Жүргізілген сараптама нәтижесінде алынған заттардың жалпы салмағы 311 грамм болатын А-PVP синтетикалық аналогына жататындығы анықталды. Бұл аса үлкен мөлшерге жатады.
Тексеру шаралары барысында жас жігіттің Рудный қаласының тұрғыны екендігі анықталды.
Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу шеңберінде қажетті тергеу әрекеттері жүргізілуде. Оның аясында рудныйлықтың синтетиканың осындай үлкен партиясын қай жерде және қашан алғаны анықталады.
Полиция департаментінде жыл басынан бері заңсыз айналымнан 197 келі түрлі есірткі, оның ішінде екі келіден астам синтетика тәркіленгенін хабарлады.