Қостанайда жол-көлік оқиғаларының алдын алуға арналған ерекше акция өтті
Қостанай қаласының орталығында жол-көлік оқиғаларының алдын алуға арналған ерекше акция өтті, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Қала көшелерімен ақ-қара жолақты, нағыз зебраға ұқсайтын Аламан есімді пони жүріп өтті. Онымен бірге — полиция инспекторлары және №8 және №16 жалпы білім беретін мектептердің Жол қозғалысының жас инспекторлары да сап түзеп жүрді. Жаяу жүргінші өткелінен "зебрамен" жүріп өткен шеру қала тұрғындарының қызығушылығын тудырып, жол қозғалысы ережелері туралы жарқын еске салу болды.
Қостанай облысы ПД жергілікті полиция қызметі басқармасының аға инспекторы Эльмира Испандиярованың айтуынша, акцияның басты мақсаты — жүргізушілер мен жаяу жүргіншілерге өзара сыйластық пен жол қозғалысы ережелерін, әсіресе жаяу жүргінші өткелдерінде сақтау қажеттігін еске салу.
— Мұндай құқық бұзушылықтарды елемеуге болмайды. Біз адамдармен тек хаттамалар арқылы емес, бейнелі түрде, әсерлі мысалдар арқылы сөйлесуге тырысамыз. Аламан — дәл сондай бейне, — дейді Эльмира Испандиярова.
Акцияның ерекше қатысушысы — жол-көлік оқиғаларының алдын алу ісінде аймақ бойынша жетекші мамандардың бірі болған, ішкі істер органдарының ардагері Юрий Панасенко. Зейнеткерлікке шықса да, жол қауіпсіздігі үшін күрес — оның өмірлік ісі болып қала беруде.
— Зейнетте болсам да, бұл істе бейжай отыра алмаймын. Мұндай акциялардың шын мәнінде пайдасы бар — балалар да, ересектер де оны ұзақ уақыт есте сақтайды, — дейді Панасенко.
Айта кетейік, бірнеше жыл бұрын Аламан пониі алғаш рет дәл осы Юрий Панасенконың бастамасымен қала көшелеріне шыққан. Ол кезде де ерекше "зебра" жұртшылықтың ықыласына бөленген еді. Бүгін сол көрініс қайта оралды: пони полиция қызметкерлері мен оқушылардың ортасында жаяу жүргіншілер өткелінен өтіп, жолда мұқият болу мен өзара құрметтің маңызын еске салды.
Балалар Аламанмен естелікке суретке түсіп жатқан сәтте инспекторлар оларға жолдан өту ережелері, киімдегі жарық шағылыстыратын элементтердің маңызы және жол ережелерін бұзудың салдары туралы түсіндірме жұмыстарын жүргізді.
№16 мектептің 7-сынып оқушысы Амина Арыстанова өз ойымен бөлісті. Ол бір жылдан бері Жол қозғалысының жас инспекторлар құрамында және мұндай шараларға белсенді қатысады:
— Мұндай жарқын акция жол қозғалысына қатысушылардың барлығының назарын аударады. Адамдар ерекше нәрсені есінде сақтайды, ал бұл дегеніміз — олар қауіпсіздік туралы жиі ойлай бастайды, — дейді Амина.
— Біз әр қатысушы — жүргізуші, жаяу жүргінші немесе велосипедші — жолда жауапкершілік бар екенін түсінсе дейміз. Бұл туралы тек инспектор ғана емес, «зебра» өзі айтқанда, әсері күшейе түседі, — деп қосты ұйымдастырушылар.
Акция әлеуметтік желілер мен көшелерде үлкен қызығушылық тудырды: өтіп бара жатқан тұрғындар видео түсіріп, понимен түскен суреттерімен бөлісіп, полицияға алғыстарын жаудырды.
Креатив арқылы профилактика — бұл жай ғана тренд емес, әсіресе балаларға әсер етудің тиімді жолы. Демек, "зебрадағы зебра" — жай ғана акция емес, қауіпсіз қалаға қарай жасалған нақты қадам.