Қостанайдағы сауда үйлерінің бірінде ұландықтар мерекелік концерт ұйымдастырды
Қазіргі таңда еліміздің барлық аймағында "Жеңіске 100 күн қалғанда" атты акция аясында көптеген іс-шара өткізіліп жатыр, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қазақстан Республикасы ІІМ Ұлттық ұланы "Орталық" өңірлік қолбасшылығына қарасты Қостанай қаласында орналасқан 6697 әскери бөлімінің әскери оркестрі өздерінің шығармашылық концерттерін берді.
Ұлы жеңістің 80 жылдығына арналған бұл мерекелік іс-шара қала тұрғындары үшін ерекше сый болды. Іс-шара барысында ұландықтар соғыс жылдары шырқалған әндерді орындап, қала тұрғындарының керемет қошеметіне бөленді. Сонымен қатар қала тұрғындары да ұландықтар мен бірге ән шырқады. Өскелең жас ұрпақ Ұлы жеңістің 80 жылдығына арналған бұл концертті тамсанып тамашалады.
- Бұл ұйымдастырып отырған іс-шараларымыздың басты мақсаты - өскелең ұрпаққа жеңіс туралы ақпарат беру. Жастарымыз біздің ардагерлеріміздің, батырларымыздың жасаған әрбір ерлік ісін үлгі өнеге тұтса деген ойымыз бар. Бұл біздің іс-шаралардың бастамасы, алдағы уақытта аталмыш акция барысында көптеген ақпараттық іс-шара өткіземіз, - деп атап өтті әскери бөлім командирінің тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары Ескендір Сараубеков.
Аталмыш іс-шара соңында қала тұрғындары әскери оркестрге өз қошеметін білдіріп, естелікке суретке түсті.