Қостанайдың оңтүстік бөлігіндегі тұрғындар өздерін қауіпсіз сезінетінін айтты
Қостанай қаласының оңтүстік бөлігіндегі тұрғындардың 80%-нан астамы өздерін қауіпсіз сезінетінін атап өтті, – деп хабарлайды Polisia.kz
Бұған «Полицияның сервистік моделі» пилоттық жобасы шеңберінде қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі ведомствоаралық топ жүргізген әлеуметтік зерттеудің деректері дәлел бола алады. Бұл туралы Қостанай облысы ПД бастығы Ерлан Омарбеков фейсбукте Оңтүстік полиция бөліміне барғаны туралы айтып берді.
– Полиция қызметкерлері үшін жасалған жағдайлармен таныстым. Ғимаратта жөндеу жұмыстары басталды, ол жақын арада аяқталады. Кең кабинеттер, қажетті техника, азаматтарды қабылдау жағдайлары – бұл бөлімшенің тиімді жұмысының маңызды құрамдас бөлігі, – деп атап өтті Ерлан Омарбеков.
ПД бастығы қаланың осы бөлігіндегі қылмыстарға қатысты мәліметтерді келтірді. Мұндағы жедел жағдай тұрақты. Бұл аумақта өткен жылдан бастап «Полицияның сервистік моделі» пилоттық жобасы іске асырылуда. Бүгінгі таңда қылмыстың төмендеуі байқалады. Көшедегі қылмысқа көп көңіл бөлінеді, ол 8%-ға төмендеді. Жасөспірімдер арасындағы қылмыс деңгейі екі есеге жуық төмендеді. Үлкен мүліктік залалмен байланысты ауыр ұрлықтардың және алаяқтықтың 12%-ға төмендеуі байқалады.
Жобаны іске асырудың арқасында жұртшылық құқықтық тәртіп мәселелеріне белсенді қатысады. Жақында сегізінші әлеуметтік зерттеу аяқталды, онда тұратын азаматтардың 82%-ы өздерін қауіпсіз сезінетінін атап өтті.
Респонденттердің 50%-ы құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуге мүдделі екенін атап өтті. Пилоттық жоба аясында бұл жұмысты жақсарту бойынша 52 ұсыныс берілді. Ерлан Омарбеков фейсбукте облыста полицияның барлық бөлімшелерінде қызмет ету үшін жағдай жасалғанын жазды.