Қостанайлық криминалист Александра Сорокина мемлекеттік тілді үйрену бойынша кеңестерімен бөлісті
Қостанайлық криминалист Александра Сорокина мемлекеттік тілді үйрену бойынша кеңестерімен бөлісті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Ол Федоров аудандық №2 мектебінде оқыған. Сол кезден бері қазақ тілін жетік меңгерген. Екінші сыныпта анасы оған мемлекеттік тілді оқуға кеңес берді және Саша оған қуана келісті. Мектеп жылдарында ол қазақ тілі мен әдебиеті пәні бойынша облыстық және аудандық байқауларда жиі үздік атанып, бүкіл ауданға танымал болды.
Кейіпкеріміздің айтуынша ол бәрімен ортақ тіл табыса алады. Осылайша мемлекеттік тілді білу оған пайдаға асуда.
Александра әрбір полицей мемлекеттік тілді меңгеруге міндетті деп санайды. Себебі қызметкерлер халықпен байланыста болады, сәйкесінше күнделікті жұмыста тілді жиі қолданып жатады. Тілді жақсы меңгеру үшін ол қазақ тілінде кітап оқып, ән тыңдауға және ана тілінде сөйлейтіндермен көбірек қарым-қатынас жасауға кеңес береді.
– Қызметкерлер үшін қазір тіл үйренуге барлық жағдай жасалған. Сабақтар мен тестілеу өткізіледі. Ғаламтор да еркін қол жетімді, тілді үйренуге және пайдалануға болатын көптеген жақсы бейне оқулықтар мен мобильді қосымшалар бар. Бастысы ниет болса жеткілікті, – деп атап өтті Александра Сорокина.
Айта кетейік, жас криминалист Қарағанды академиясында оқудың үшінші курсында бірден төрт қабылдау нысанын алды: саусақ ізі, трасология, баллистика және суық қаруды зерттеу.
Астанада 4 маусымда ол үздік түлек ретінде Президенттің қолынан алғашқы офицерлік погондарды алды. Ол барлық түлектердің атынан мемлекеттік тілде сөйлеу құрметіне ие болды.
– Мен үшін бұл күн ең бақытты және есте қаларлық күн болды, – деп мойындайды Александраның өзі.
Жас криминалист Александра Сорокина Қостанай қаласы полиция басқармасының оңтүстік бөлімінде өз міндетіне кірісіп, қиын жұмыста жоғары мақсаттарға қол жеткізуге бел буды.