Қостанайлық полицейлер төтенше жағдай кезінде ер адамнан есірткі тәркіледі
Қостанайлық полиция қызметкерлері төтенше жағдай кезінде Амангелді ауылының көлік басқару құқығынан айырылған тұрғынын көлікті мас күйінде жүргізгені үшін ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Амангелді ауданының патрульдік полицейлері LADA-21144 жүргізушісін 10 қаңтарға қараған түні аудан орталығының Байтұрсынов көшесінде тоқтатады.
Амангелді ауылының 25 жастағы тұрғыны мас күйінде көлік жүргізгені анықталды. Кейін сараптама ер адамның есірткіге мас болғанын көрсетті. Көлік салонын тексеру кезінде полицейлер орындықтың қалтасынан жасыл түсті ерекше иісі бар өсімдік тектес зат салынған түйіншекті тапты.
Сонымен қатар, жүргізушінің Амангелді аудандық сотымен 2024 жылға дейін көлік құралын басқару құқығынан айырылғаны анықталды.
Қазіргі уақытта аталған факті бойынша ҚР ҚК-нің 346-бабы (Көлік құралдарын басқару құқығынан айырылған және алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйдегі адамның көлік құралын басқаруы) және ҚР ҚК-нің 296-бабы (Есірткі, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатынсыз заңсыз дайындау, өңдеу, сатып алу, сақтау, тасымалдау) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды.Амангелді ауданында ТЖ режимін бұзудың сегіз фактісі тіркелді.