Қостанайлық ұландар алтын бұйымдары бар әмиянды ұрлаған күдіктіні қолға түсірді
Қостанайда ұландар алтын бұйымдар мен құжаттары бар әмиянды қолды қылған күдіктіні ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Оқиға қаңтардың 30-ы күні кешкісін орын алған. Қала тәртібін қамтамасыз етіп жүрген Ұлттық ұлан №6697 әскери бөлімінің жауынгерлері Жедел басқару орталығынан Сауда орталығы ғимаратында ұрлық жасалғаны туралы хабар алған.
Ұры әйелдің алтын бұйымдары мен құжаттары бар әминын қолды қылып, саябақ жаққа қарай қаша жөнелген.
Ұрлық жасаған азаматтың сыртқы келбеті бағыттарда жүрген барлық ұландықтарға хабарланып, олар дереу іздеуге кіріскен.
Арада көп уақыт өтпей, құрамында Мақсат Борамбаев, Ярослав Соловьев және Сергей Пашков бар әскери жасақ сырт келбеті хабарламада берілген сипаттамаға ұқсайтын азаматты байқаған.
Тексеру кезінде әлгі азаматтың қолындағы пакеттің ішінен ұрланған заттар табылған.
Мәселенің мән-жайын анықтау мақсатында 1992 жылы туған азаматты ұландықтар Қостанай қалалық полиция бөліміне жеткізді.